Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағы ішкі істер министрнінің орынбасары Бауыржан Әленовке жақпады ма, әйтеуір вице-министр жауаптан әбден жалтарды.
Алаяқтыққа қарсы күрес форумында Ulysmedia.kz Әленовке арнайылап барып, қоғамның назарындағы Талғар оқиғасы туралы бірқатар сұрақ қойған.
ЕСТІСЕ ДЕ ЕСТІМЕГЕНДЕЙ...
Тілші Талғардағы қанды оқиға болып жатқанға облыстың қауіпсіздігіне жауапты тұлғаның қызметте өсуі қаншалықты этикаға сай екенін білмек болды.
Алайда Әленов бұл сұрақты естімегендей, көпшілікке белгілі, әрі өзі әлденеше рет қайталаған тергеу барысы туралы қасаң да қысқа ақпаратты зуылдана жөнелді.
Журналист сауалды қайтара қойғанда да Әленов пресс-релиз тіліндегі ақпаратты айтудан жалықпады.
Бір сұрақты екі рет қойып жауап ала алмаған журналист Әленовтен “Талғарда ұйымдасқан қылмыстық топ жоқ” деген мәлімдемесі туралы сөзіне түсінік беруді сұрады. Мұнда да бас полицейдің орынбасары сөзіне тергеу жүріп жатқанын қалқан етті.
ӘЛЕНОВ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ СЕЗІНЕ МЕ
Ақырында Талғардағы қанды оқиғаға “жауапкершілік сезінесіз бе, қанша дегенмен сіз басқардыңыз ғой облысты” деп тағы сөзге тартуға тырысты.
Әленов сұрақты естімеді ме, әлде түсінеді ме, “барлық кінәлілер, ұсталды, барлық іс қозғалған” жауап қатып, кетуге асықты.
Журналист “сіздің жауапкершіліңіз анықталса, отставкаға кетуге дайынсыз ба” деп сұрап үлгерді.
“Мен бұған коммент бермеймін, біз басқа мәселе бойынша жиналдық” деген Әленов алаяқтыққа қарсы күрестің маңызы туралы егжей-тегжейлі айта жөнелді.
Арасында сөзден ұстаған журналист “сіз Алматы облысында ҰҚТ жоқ” деп едіңіз ғой, “Ол қалай” деп тағы о бастағы сұрағын қойды.
– Бұл “қызметтік мақсаттағы ақпарат”. Ал “жоқ” деп мен “Хуторға” қатысты айттым, – деді вице-министр.
Бауыржан Төлегенұлы Әленов Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары лауазымына 7 қазан күні, 16 жастағы Шерзаттың өлімінен 3 күннен кейін тағайындалған.
Ол оған дейін бүгінде түрлі қылмыстық оқиғалармен елдің назарын аудып отырған Талғар ауданы қарайтын Алматы облысының полиция департаментін басқарған.
РЕЗОНАНСТЫҚ ІСТЕР
Соңғы уақытта Алматы облысы резонанстық қылмыстық істер бойынша жиі аталып жүр.
Таяуда ғана облыстық прокуратура ғимаратында қамалған қыздың анасы облыс прокурорымен кездесуді талап етіп, өзін өртеуге әрекеттенген.
Оның алдында Алматының іргесіндегі Талғардағы уақытша ұстау изоляторынан зорлау күдігі бойынша ұсталған азамат қашып кеткені көптің назарын аударған. Күдікті тек арада бірнеше күн өткеннен кейін ұсталған.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
4қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты.
12 қазанға қараған түні әлдекімдер марқұмның отбасының үйін өртеп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.
ХАСАННЫҢ ҰСТАЛУЫ
Шерзаттың қазасынан бір айдан кейін Талғардағы ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі делінген Хасан Қасымбаев ұсталды. Алайда ол 2021 жылғы маусымда болған іс бойынша күдікке ілінген.