×
$
452.91
€
509.43
₽
5.53
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
452.91
€
509.43
₽
5.53

Шымкентте үй кезегін күткен 55 отбасы баспаналы болды

Бүгін, 08:20
Шымкентте үй кезегін күткен 55 отбасы баспаналы болды
Ulysmedia.kz коллажы

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков қаладағы бірқатар нысанды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Аралау барысында Асар-2 шағынауданында кезекте тұрған 55 отбасыға пәтер кілті табысталып, Тұран мен Сайрамдағы инфрақұрылым жобалары, «Жұлдыз» индустриялық аймағындағы теміржол құрылысы және Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ғимаратының реконструкциясы тексерілді.

55 отбасы қоныс тойын тойлайды

Асар-2 шағынауданында 55 отбасыға баспана кілті табысталды. Пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға кейіннен сатып алу құқығымен жалға берілді.

Баспана алғандардың қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.

Сондай-ақ Тұран шағынауданындағы жаңа көшенің құрылысы тексерілді. 2019 жылы басталған нысанды бастапқыда 2020 жылы аяқтау жоспарланғанымен, пайдалануға беру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген. Ұзындығы 3,4 шақырым көшеге асфальтбетон төселіп, жаяу жүргіншілер жолы мен веложол салынған. Қазір абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба шағынаудандағы көлік қатынасын жақсартып, жаяу жүргіншілерге қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.

Шаһар басшысына Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің әкімшілік ғимаратын реконструкциялау жұмыстарының нәтижесі де көрсетілді. Нысанда инженерлік желілер мен жабдықтар жаңартылып, қасбеті жөнделген. Бұдан бөлек, бақылау-өткізу пункті салынған. Атқарылған жұмыстар қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартып, ғимараттың функционалдық мүмкіндіктерін арттыруға тиіс.

Индустриялық аймаққа теміржол тартылды

«Жұлдыз» индустриялық аймағындағы ұзындығы 6,4 шақырым теміржол тұйығының құрылысы аяқталған. Жаңа желі шикізат жеткізу мен дайын өнімді жөнелтуді жеңілдетіп, кәсіпорындардың логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ индустриялық аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

Бұл жоба Мемлекет басшысы Жолдауында атап өткен көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту және теміржол желісін кеңейту міндеттері аясында жүзеге асырылып жатыр.

Бұдан бөлек, қала әкімі Сайрам тұрғын алабындағы электр желілерінің құрылысын да тексерді. Қазір мұнда 5 610 бағана мен 94 трансформатор орнатылып, 180 шақырымға жуық кабель желісі тартылған. Оның 83 трансформаторы пайдалануға берілген.

Қазір үйлерді электр желілеріне қосу жұмыстары жалғасып жатыр. Жобаны толық пайдалануға беру жақын уақытта жоспарланған. Бұл тұрғын алаптағы электрмен жабдықтау сенімділігін арттырып, аумақтың одан әрі дамуына жағдай жасайды.