×
516.93
542.52
4.98
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.93
542.52
4.98

«Орыс тілі Ресейдің ғана меншігі емес»: Мәжіліс орыс тілі ұйымын құру шартын қолдады

20.11.2024, 13:38
«Орыс тілі Ресейдің ғана меншігі емес»: Мәжіліс орыс тілі ұйымын құру шартын қолдады
Ulysmedia коллажы

Мәжіліс орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру шартын ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДЕПУТАТТАР НЕ ДЕЙДІ

Аталған келісімшартқа Бішкекте қол қойылған. Ол орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құруды қарастырады. Жаңа ұйым – халықаралық құқық субъектісіне ие болатын үкіметаралық ұйым болады. “Орыс тілін мемлекетаралық байланыс және коммуникация құралы ретінде ілгерілету қарастырылады. Комитет қорытынды әзірлеуге дайын” дейді Айгүл Құспан.

Заң жобасы төменгі палатада біршама талқыланды. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи  Қазақстанда орыс тілінің тағдырына алаңдайтын негіз жоқ деп есептейтінін айтты. “Бұл халықаралық қордың құрылуы Қазақстан үшін тіл мәселесі емес, сыртқы саясатқа қатысты өте маңызды мәселе” деген Бапи заң жобасын “Тоқаевтың дипломатиялық саясаты”  ретінде қолдайтынын айтады. “Теңселіп, тербеліп тұрған әлемде біз үшін басқа балама қадам жоқ деп түсіну керек" дейді ол.

Ал Айдос Сарым келісімнің мақсаты – ағылшын тілін асқақтататын Британ кеңесі, қытай тілін ілгерілетінін Конфуций институты, француз тілін ілгерілетінін Франкофония одағы сияқты жаңа халықаралық ұйым құру деп атады.

– Біз орыс тіліне Ресейдің ғана жеке-дара меншігі деп қарамауымыз абзал. Әлемде қанша адам орыс тілін тұтынатын болса, сол арқылы ақпарат алып, ақпарат таратса, орыс тілі солардың да ризығы, игілігі. Сол себепті Қазақстанда өркениеттің қақпасы болып табылатын кемі бір халықаралық ұйымның кілтін ұстауы біздің қоғам үшін маңызды қадам болмақ, – дейді ол.

Шартты 84 депутаттың 82-сі қолдап дауыс берді. 1 адам қарсы болса, 1 депутат қалыс қалды.

ҰЙЫМ ЖАЙЛЫ

Былтыр қазанда Қазақстан атынан президент Қасым-Жомарт Тоқаев орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру жөніндегі келісімге қол қойған. Содан кейін шыққан Үкімет қаулысы жобасында "орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру жөніндегі келісімді бекіту туралы" заң жобасы Парламент мәжілісі қарауына енгізілетіні хабарланған еді. 

2022 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев орыс тілін қолдау және дамыту бойынша халықаралық ұйым құру идеясын ұсынған. Ресей президенті Владимир Путин Тоқаевтың идеясы "Ресей оны қолдамай тұра алмайды" деді. Тоқаев 2023 жылғы Бішкектегі ТМД жетекшілері саммитінде орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру туралы келісімге қол қоюды "тарихи шешім" деп атаған болатын.