Абхазияда мерзімінен бұрын президент сайлауы 2025 жылдың 19 ақпанына дейін — 15 немесе 16 ақпанда өтуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫ НЕ ДЕДІ
Бұл туралы ТАСС жазды.
Сайлау президент Аслан Бжания отставкаға кеткен және парламент оны 19 қарашада қабылдаған күннен бастап үш ай ішінде өтуі керек. Бұл конституция бойынша сайлау үш ай ішінде, яғни 19 ақпанға дейін өтуі керек дегенді білдіреді. Абхазияда сайлау әрқашан демалыс күндері өтетіндіктен, бұл жолы сенбі, 15 ақпан немесе жексенбі, 16 ақпан болуы мүмкін, — деп хабарлады елдің Орталық сайлау комиссиясы.
ӨТЕТІН КҮНДІ ПАРЛАМЕНТ БЕЛГІЛЕЙДІ
Сонымен бірге ол сайлау күнін парламент белгілеуі керектігін қадап айтты.
Парламенттің кезектен тыс сайлау күнін белгілейтін отырысының күні әлі анықталған жоқ, — деді ел парламентінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Абхазия президенті оппозицияның қысымынан кейін отставкаға кеткен болатын.
АБХАЗИЯ
Абхазия – Кавказ аймағында Қара теңіздің шығыс жағалауында, Грузияның солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан ел. Абхазияның құқықтық мәртебесі даулы болып саналады. Халықаралық қауымдастықтың көпшілігі оны Грузияның бір бөлігі деп таниды, бірақ Абхазия өзін 1992-1993 жылдардағы соғыстан кейін тәуелсіз республика деп жариялаған. 2008 жылы Ресей Абхазияның тәуелсіздігін ресми түрде мойындады, содан бері оны бірнеше басқа елдер де мойындады. Дегенмен, Абхазияның тәуелсіздігін Қазақстан және көптеген халықаралық мемлекеттер мойындаған жоқ, олар оны Грузияның аумақтық тұтастығының бөлігі ретінде қарастырады.