Мемлекетке қайтарылған қаражатқа Атырау облысында мектеп салынады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ
Үкімет Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында 150 орындық мектептің құрылысына 2 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдаған. Қазіргі таңда ауылда 60 орынға бейімделген ғимаратта орналасқан бастауыш мектеп қана жұмыс істейді. Ата-аналары 4-сыныпты бітіргеннен кейін оқушыларды 60 шақырым қашықтағы Мақат ауданы Доссор кентінде орналасқан С. Шәріпов атындағы мектеп-интернатқа апаруға мәжбүр. Жоғары сынып оқушылары көршілес елді мекендерге қатынап оқиды.
Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша талаптарға және санитарлық нормаларға сәйкес балаларды сапалы оқыту үшін жағдай жасалатын болады.
Бұған дейін Үкімет Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін, Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебін, Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешенін, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығын, Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығын, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша салу, Риддер қаласындағы көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтау секілді жобаларды іске асыру үшін қаражат бөлу туралы шешім қабылдаған болатын.
РИДДЕРДЕГІ АУРУХАНАҒА ҚАРАЖАТ
Бұған дейін активтерді қайтару шеңберінде жиналған қаражаттан Риддер қаласындағы 200 орындық стационары мен бір ауысымда 500 адамды қабылдай алатын емханасы бар көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға 28,2 млрд теңге бөлінген еді.
Үкімет 2021 жылы басталған аурухана кешенінің құрылысын аяқтау үшін қаражат бөлу туралы шешім қабылдаған. Жобаның жалпы құны – 34,8 млрд теңге, қазіргі уақытта 6,6 млрд теңге игерілді, оның ішінде 2 млрд теңге республикалық бюджеттен, 4,6 млрд теңге жергілікті бюджеттен бөлінген. Қалған қаражат Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінеді.