×
516.93
542.52
4.98
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.93
542.52
4.98

ҰҚШҰ отырысы. Тоқаев не деді? Қандай құжаттарға қол қойылды

28.11.2024, 17:28
ҰҚШҰ отырысы. Тоқаев не деді? Қандай құжаттарға қол қойылды
Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысында сөз сөйледі. Ол ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тиімді халықаралық ұйымға айналғанын және ол жұмыс істеген жылдары қатысушы елдер арасындағы өзара іс-қимылдың құнды тәжірибесі жинақталғанын атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖИЫНДА КІМДЕР БОЛДЫ

Саммитке Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Ресей президенті Владимир Путин және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келді. Сонымен қатар сессия жұмысына ТМД бас хатшысы Сергей Лебедев пен ШЫҰ бас хатшысы Чжан Мин қатысты. Мемлекет басшысы сессия жұмысын ашып, жиын қатысушыларына ризашылығын білдірді.

ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫ ЖАЙЛЫ

Тоқаев шағын құрамда өткен отырыста мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқанын айтты. Сондай-ақ Қазақстанның төрағалығы аясында ҰҚШҰ-ның биылғы қызметі қорытындыланғанын жеткізді.

– Кездесу қорытындысы ұжымдық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерге қарсы жұмыла әрекет етуге дайын екенімізді тағы да растады. Пікірталас барысында халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ұстанымдарымызды жеткіздік. Біздің қазіргі жағдайға ортақ бағамыз және ҰҚШҰ-ның одан әрі дамуына көзқарасымыз Қазақстанның бастамасымен әзірленген Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясында көрініс тапты. Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге ерекше мән берілді. Ардагерлердің майдандағы және тылдағы ерлігі есімізде мәңгі сақталады. Оларды әрдайым мақтан тұтамыз, құрметтейміз. Айтулы мереке қарсаңында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мәлімдемесін қабылдау, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай мерекелік іс-шаралар жоспарын бекіту маңызды деп санаймыз, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы аясында Ұйым жарғысына сай ынтымақтастық бағыттары бойынша 60-қа жуық іс-шара ұйымдастырылған. Халықаралық аренада келісілген ұстанымдарды ілгерілету бойынша серіктестермен бірлесе жұмыс жүргізілген. 

БІРЛЕСКЕН ОҚУ-ЖАТТЫҒУЛАР

Президенттің сөзінше, биыл қабылданған саяси құжаттар легіне ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жалпы бағалауы негіз болған. Олардың ішінде халықаралық ақпараттық қауіпсіздік, ғарыш саласындағы ынтымақтастық мәселелері мен Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты, сондай-ақ Белоруссияны басқыншылардан азат етудің 80 жылдығына орай қабылданған мәлімдемелер бар. Жыл бойы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының әскери дайындығына мұқият назар аударылған.

- Бүгін біз ҰҚШҰ күштері мен құралдары мәртебесіне және әскери контингентті тасымалдауға қатысты халықаралық келісімдердің екі хаттамасына қол қоямыз. ҰҚШҰ-ға мүше елдердің бітімгерлік күштерінің дайындық деңгейі мен жауынгерлік машығын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қыркүйек-қазан айларында елімізде «Мызғымас бауырластық-2024» ҰҚШҰ Бітімгершілік күштерінің командалық-штабтық оқу-жаттығулары мен «Жартас-2024» ҰҚШҰ арнайы оқу жиыны өтті. Аса қауіпті нысандардағы күрделі апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізудің бірлескен іс-қимылы пысықталды, – деді Қазақстан президенті.

СЫН-ҚАТЕРЛЕРГЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ

Президент жыл бойы өзекті сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселесіне ерекше ден қойылғанын айтқан. Қазақстан мен ҰҚШҰ-ға мүше басқа да елдер аумағында бір уақытта «Наемник», «Канал», «Нелегал» және «ПРОКСИ» секілді арнайы операциялардың түрлі кезеңдері өткен. Бұл іс-шаралар халықаралық терроризмге, есірткі саудасына, заңсыз көші-қонға және ақпараттық ортадағы сын-қатерлерге қатысты қауіптің алдын алуды көздейді.

- Биыл біздің бастамамызбен алғаш рет заңсыз қару-жарақ, оқ-дәрі айналымына және ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл жөнінде консультациялар өтті. ҰҚШҰ аясында арнаулы жұмыс тобын құру мәселесі пысықталып жатыр. Қазақстан төрағалығының үйлестіруімен Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасын дайындау жұмыстары аяқталды. Құжатты әзірлеу 2013 жылы басталған болатын. Бүгін біз Ұйымның оңтүстік шебіндегі қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған осы маңызды шешімге қол қоямыз, – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев ұйымның бас хатшысына, ҰҚШҰ-ның Тұрақты кеңесі мен жұмыс органдарына атқарылған ауқымды жұмыс үшін ризашылығын жеткізді. ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы сессиясы барысында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров пен ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалықтың Қырғыз Республикасына өтуі туралы шешімнің қабылдануымен құттықтап, қырғыз тарапының жауапты міндетті табысты атқаруына тілектестік білдірді.

ҚОЛ ҚОЙЫЛҒАН ҚҰЖАТТАР

Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қабылдап, бірқатар құжатқа қол қойды. Олар:

Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасы бекітілді.

Сонымен қатар президенттер Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты мәлімдеме қабылдап, келесі жылы осы айтулы датаға орай ұйымдастырылатын мерекелік іс-шаралардың жоспарын бекітті.

Астанада қабылданған құжаттар Ұйым мен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін барлық мүше мемлекеттердің мүддесіне сай кешенді түрде дамытуға бағытталған.