Қызылорда облысының аудандық соты блогер Сандуғаш Тұрлыбекованы бопсалау фактілері бойынша 4,8 жылға бас бостандығын шектеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРДЫ БОПСАЛАҒАН
Тергеу анықтағандай, ол әлеуметтік желіде белгілі бір лауазымды атқарып отырған адамдарға қатысты сыни жазбалар жариялаған. Жазбаларын өшіру үшін сол адамдардан ақша талап еткен.
СОТ ҮКІМІ
Тұрлыбекованың үстінен бас-аяғы сегіз адам осы бап бойынша арызданған. Дегенмен алты адам келісімге келіп, арыздарын қайтып алған. Екі адам істі сотқа жеткізіп, Тұрлыбекованың ақша бопсалағанын дәлелдеген.
Аудандық сот блогер әйелді 4,8 жылға бас бостандығын шектеп, әлеуметтік желіге кіруге тыйым салды. Моральдық шығын ретінде Тұрлыбекова оларға жалпы сомасы 300 мың теңге төлеуі керек.
Соттың шешімі күшіне енген.
Еске салсақ, бұған дейін Сандуғаш Тұрлыбекованың балалары Тоқаевтан көмек сұраған болатын.
Блогер Сандуғаш Тұрлыбекова 2020 жылы Қызылорда облысының сол кездегі әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақты аралау кезінде жол жабылғаны үшін әкімді «Ханның қызы» деп атағанынан кейін көптің назарына ілінген.