Мәжіліс депутаты Руслан Берденов Instagram-парақшасында доллардың қымбаттап жатқанына алаңдаушылық білдіріп, үкімет мүшелері батыл қадамдарға бара алмай отырғанын айтты, – деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«НАҚТЫ СТРАТЕГИЯ МЕН ЖОСПАР ЖОҚ»
Депутаттың жазуынша, баға тек өсіп жатыр, ал жасалып жатқан реформалардан пайда жоқ.
“Экономикамыз жіңішке судың бетіндегі мұзға ұқсайды. Бір тас түссе, шытырлап сынып кететіндей. Баға тек өсіп жатыр, реформалардан пайда жоқ, үкімет мүшелерінен нақты, батыл шешімдер жоқ, тек қымбат пен арзанырақ қарыз алудың арасындағы шешімдер. Нақты стратегия мен жоспар жоқ, оларды кінәлағанымен пайда жоқ, істегілері-ақ келеді, бірақ біліктілік, тәжірибе, батылдық пен ауызбіршілік жетіспейтін сияқты. Бір жұдырықтай бірігіп, елдің игілігі үшін жұмыс істеу қажет!” – деп жазды депутат.
БҰҒАН ДЕЙІН
Бұған дейін Руслан Берденов парламент сайлауы өтпей тұрып кандидаттар өз аймақтары мен салаларындағы ауыртпалық пен проблемаларды жақсы білетінін айтқан еді. Сөзінше, қазір Астананың сол жағалауын толтырып жатқан шенеуніктерге, аппаратшыларға қарағанда, жаңа партия өкілдері реформаларды қалай жүргізу, азаматтық бақылауды қалай жүзеге асыру керектігін, қандай заңдар қажет, қайсысы ескіргенін немесе еш қажеті жоқ екенін білетінін мәлімдеген-ді.
“Біздің өкілдерміз озық білімді, бизнесте нақты істері бар, әлемнің әртүрлі елдерінде болған, онда мемлекеттік аппараттың қалай сауатты ұйымдастырылғанын және парламенттердің қалай тиімді жұмыс істейтінін біледі. Ең бастысы, олар оны Қазақстанда қалай жүзеге асыру керектігін біледі”, –деді ол.