АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен АТЭС саммитінде бір сағатқа жетпейтін уақыт сөйлесті. Кездесу алдында Трамп Ресей басшысын досы деп атап, келіссөзден жақсы нәтиже күтетінін айтқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кездесудің жай-жапсары
Кездесу басында Путинді көрген Дональд Трамп:
– Бұл кім? Бұл – менің досым, – деді.
Екі президент қол алысып амандасты. Содан кейін Трамп Ресей басшысына еңкейіп, құлағына бірдеңе айтты. Владимир Путин жымиып, америкалық әріптесімен ағылшын тілінде амандасты.
Журналистер алдында Дональд Трамп Путинмен қарым-қатынасы жақсы екенін атап өтті.
– Біз бір-бірімізді көптен бері білеміз. Меніңше, осы кездесуден көптеген жақсы нәтиже шығуы мүмкін, – деді ол.
Әңгіме ұзаққа созылмады. Ақ үйдің баспасөз пулінің мәліметінше, екі президенттің кездесуі бір сағатқа да жетпеген. Кездесуден кейін олар бірлескен мәлімдеме жасаған жоқ.
Келіссөзге АҚШ тарапынан мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен Қаржы министрі Скотт Бессент қатысты. Ресей атынан Сергей Лавров, Антон Силуанов, Юрий Ушаков және Кирилл Дмитриев барды.
Үш ел басшысының келіссөзі алда
Енді Трамп, Путин және Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің келіссөзі өтеді. Үш ірі державаның басшылары мұндай форматта алғаш рет бір үстел басына жиналмақ.
Трамппен кездесуге дейін Путин Си Цзиньпинмен жүздесті. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, олар Украинадағы соғысты талқылаған.
Сондай-ақ Ресей президенті Қытай басшысына Трамптың өкілдері Джаред Кушнермен және Стивен Уиткоффпен жуырда өткізген кездесулері туралы мәлімет берген.