Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жабайы жануарлар фототұзаққа түсіп қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, Іле-Алатау паркіне қарасты жабайы табиғатты қорғау және есепке алу жұмыстары аясында фототұзақ арқылы ерекше кадрлар түсірілді. Фототұзаққа сібір тауешкісі мен жабайы қабан түсті.
“Бұл суреттер жануарлардың мінез-құлқы мен олардың табиғи тіршілік ортасы туралы маңызды ақпарат береді. Алынған деректер болашақ зерттеулер жүргізуге және табиғатты қорғау шараларын әзірлеуге қажет. Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жабайы табиғатты сақтау және зерттеу жұмыстарын белсенді түрде жалғастырып жатыр. Заманауи технологияларды қолдану табиғи мұраны қорғауда және сирек кездесетін түрлерді зерттеуде маңызды рөл атқарады”, – делінген ақпаратта.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында табиғи парктердің бірінде фототұзаққа түсіп қалған бұлан көргендерді сүйсінткен болатын.