Іле-Алатауы ұлттық паркінде жасыл желекті отауға дайындық басталып кеткен. Журналист, экобелсенді Аруна Ортай «тауды дамыту» деген желеумен табиғатты құртуға болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
– Корея мемлекеті орман ағаштарын отырғызып жанталасып жатқанда біздің Бас эколог жүрегі бүлк етпестен оларды отауға рұқсат беріп жатыр? Қалай сонда? Тауды дамыту деген, керісінше, оған жағдай жасау емес пе? Қар барысын, жан-жануарын қорғап, жасыл-желегін көркейту емес пе? – деп жазды автор.
Аруна Ортай Іле-Алатауы ұлттық паркінің табиғат инспекторларына да үндеу жасады.
– Табиғи бақты қалай ғана көздеріңіз қиып, кесуге дайындалып жатырсыздар? Сіздер оны қорғауға ант еттіңіздер ғой?! Жасыл форманың құны қанша? – делінген жазбада.
Автордың пікірінше, «ағаш қайта қалпына келеді» деген уәж табиғи экожүйеге келетін залалды ақтай алмайды.
– Бизнесмендер “қайта қалпына келеді” деп жайбарақат. Оны қайдан кесіп-пішіп білдіңіздер? 100-150 жылда өсіп шығады деп кепілдік беретіндей ешқайсысымыз ертеңгі күнімізді де білмейміз. Бірақ бұл ағаштар өмір сүруі керек, жаратқан біз емес, кесіп-жаруға қақымыз жоқ. Бұл елдің байлығы, Экология министрінің де, Іле-Алатауы бағы басшылығының да жекеменшігі емес. Оны жалға беріп, тағдырын өзара шеше алмайсыздар! , – деп жазды Аруна Ортай.
Бұған дейін
Бұған дейін Көкжайлау шаңғы курорты мен Алматы тау кластерін салу төңірегіндегі дау туралы жазғанбыз.
Жоба авторлары құрылыстың табиғатқа ешқандай зияны жоқ, ұлттық саябақ жері жекенің қолына өтпейді десе, экобелсенділер олардың бұл пікірімен келіспейді. Олар «Көкжайлауға курорт салу шатқалға орасан зор зиян келтіреді. Аспалы жол салу ағаштарды қырқуға, өзен суларының басын бууға алып келеді» деген уәж айтып отыр.
Алматылықтар БҰҰ бас хатшысынан Көкжайлаудағы құрылысқа араша түсуін сұрады.