×
511.22
540.05
4.73
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
511.22
540.05
4.73

Президентке үндеу: БҚО тұрғындары табиғатқа алаңдап, Ақордадан көмек сұрады

30.11.2024, 15:30
Президентке үндеу: БҚО тұрғындары табиғатқа алаңдап, Ақордадан көмек сұрады
Видео кадры

Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Мұратсай ауылының тұрғындары ауылдың табиғатына алаңдап, Президенттен көмек сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Желідегі видеода Мұратсай ауылының тұрғындары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевке Мұратсай су қоймасы төңірегінде он жылдан бері болып жатқан жағдайды баяндап, үндеу жолдады.

“2014 жылдан бастап, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен жеке кәсіпкер “Сәрсенов Менжан” арасында Мұратсай су қоймасында балық шаруашылығын жүргізу үшін келісімшарт жасалған. Өз кезегінде мердігер көлдегі тазалық пен байлықты көбейту жұмыстарын атқармай, тек шаян аулаумен айналысып келеді”, делінген үндеуде.

Айтуларынша, мұндай келісімшарт бес жылға жасалады екен. Уақыты біткен аталған келісімшарт 2019 жылы қайтадан жасалып, мерзімі ұзартылған. Алайда шарттың 3-тарауындағы тараптардың жауапкершілігі мен міндеттері, 4-тараудың 7-бөлігі бойынша жұмыстар атқарылмағанын жеткізді.

“Осы мәселе бойынша он жыл бойы ауылымыздың тиісті сала басшылары, ауыл тұрғындары және жеке кәсіпкерлердің қатысуымен бірнеше кездесу өткізілді. Алайда кәсіпкер тарапынан нәтиже болған жоқ. Осы жағдайды баяндай отырып, жеке кәсіпкердің келісімшарт талаптарын орындамағанына ауыл тұрғындары түбегейлі қарсымыз”, дейді үндеу жолдағандар.

Қысқасы, мұратсайлықтар 2024 жылдың желтоқсан айында мерзімі аяқталатын келісімшарттың қайтадан создырылуын қалап отырған жоқ.