Бұл туралы журналистерге Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Бағдат Әшімов айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бағдат Әшімов жерлеу рәсімінен кейін Қаржаубай Нұрымов “екі көлікпен жолды жауып тастап, былапыт сөз айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғанын, сол себепті полиция шара қабылдауға мәжбүр болғанын” айтады. “Ол бұл әрекетін немен түсіндірді” деген сұраққа Әшімов түк білмейтін адамдай жауап берді.
– Соны әлі түсінбей отырмыз. Қазір мән-жайды анықтап жатырмыз. Оның әрекеттерінде әкімшілік кодекстің 434-бапты бұзу белгілері (қоғамдық орында былапыт сөз айту) бар, – дейді ол.
Әшімов Нұрымов айтқан күдікті ақ түсті көлік жайлы нақты ештеңе айтпады. Қандай көлік екенін, ішінде кім болғанын да. Тергеуге нұсқады. Нұрымовтың қолында пышақ болғанын, ешкім зардап шекпегенін жеткізді.
– Қазір оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сотта тиісті шешім қабылданады. Ол 5-тен 15 тәулікке дейін қамалуы мүмкін.
Полиция бөліміне жеткізілгеннен кейін Нұрымов өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтып, шағымданды. Содан кейін біз жедел жәрдем шақырдық. Оны мамандар тексеріп, орталық ауруханада тексерген жөн деп шешім шығарды, – дейді Әшімов.
Талғарда 10 желтоқсан күні полиция Қаржаубай Нұрымовты ұстаған еді.
“ӨЛТІРСЕ ӨЛТІРСІН”
Талғарда бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевті қара жерге тапсырғаннан кейін Қаржаубай Нұрымов пен оның туған-туыстары құқық қорғау органдары қызметкерлерінен тағы да әділ тергеуді талап еткен еді. Видео әлеуеттік желілерде пайда болған. Нұрқанат пен Шерзаттың туған-туыстары жолға шығып, болған жайтты баян еткен. Наразылықтарын жеткізген.
НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ
9 желтоқсан күні Қаржаубайдың інісі Нұрқанат Ғайыпбаев қайтыс болғаны туралы ақпарат шықты. Ресми мәліметке сәйкес, Нұрқанат Ғайыпбаев өзіне қол салған. Полиция марқұм Ш. Болаттың отбасы барлық уақытта қорғауда болғанын атап өтеді.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.