Әлеуметтік желіде «Қазақмыс» кеншілерінің президентке жолдаған видео үндеуі тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
17 желтоқсаннан бері ереуілге шыққан «Қазақмыс» корпорациясының жұмысшылары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа полицияның қысым көрсетуін айтып шағымданды. Үндеу иелері «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы кеншілердің талабын елеп отырмағанын, ал арнайы қызмет өкілдері бастамашыл топты қорқытқанын айтады
“Олар қорқытып қана қоймай, тіпті:«Корпорациядан ақша сұрай берсеңдер, біз сіздерді сотқа береміз” деді. Бұл ереуіл, митинг емес, жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы дау», – деді кеншілердің бірі видеоүндеуде.
Сондай-ақ авторлар интернетте “Қазақмыс” жұмысшыларының ең төменгі жалақысы «800 мың теңге» деген жалған ақпарат таралып жатқанын алға тартып, бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.
Олардың айтуынша, бұған дейінгі келіссөздерде корпорация басшылығының мәлімдемесіне қайшы ешқандай келісім қабылданбаған.
– Біздің талаптарымызды орындауларыңызды және қауіпсіздік қызметі тарапынан қысым көрсетпеуді сұраймыз. Біз қоғамдық тәртіпті бұзып жатқан жоқпыз, – деді жұмысшы президентке жолдаған үндеуінде.
Таратылған видеода полиция формасын киген адамдар мен «Полиция» деген жазуы бар автобусты және әкімшілік ғимаратқа кірген қарулы полицияны да көруге болады.
Еске сала кетсек, компанияның өзі бұған дейін сәтті келіссөздер жасалғаны туралы баспасөз релизін жариялаған.
«Жұмыс беруші мен қызметкерлер еңбек жағдайлары бойынша ортақ келісімге келді», - делінген «Қазақмыс» компаниясының мәлімдемесінде.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 250-ден астам кенші жалақыны 100 пайызға көтеруді және мемлекеттік органдардың қысымын азайтуды талап етіп, ереуілге шыққан.
Ал «Қазақмыс» корпорациясы жалақыны көтеруден бас тартты. 17 желтоқсан күні «Қазақмыс» корпорациясының бірнеше қызметкері газдан уланып қалған.
Компанияның баспасөз қызметі корпорацияның бас директоры мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қызметкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін атап өтті.