Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақысының бір бөлігін бүгінге дейін 658 502 адам пайдаланыпты. Оларға жалпы жиыны 2,3 трлн теңге ақша аударылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы БЖЗҚ-ның ресми сайтына сілтеме жасап.
Зейнетақысын пайдаланушылардың 624 488-і ақшасын Отбасы банкке аударған. Ал 24 851 адам Халық банк арқылы алса, 8665 адам БЦК арқылы жинағын пайдаға жаратыпты.
Зейнетақысын пайдалану бойынша бірінші орында Алматы қаласы (115 мың адам – 508 млрд теңге) тұр. Одан кейінгі орынға нұрсұлтандықтар (87 938 адам – 313 млрд теңге) жайғасқан. Үштікті Маңғыстау облысының халқы (84 742 адам – 455 млрд теңге) түйіндейді. Атырау (54 008 адам – ) мен Ақтөбе (46 951) облыстарының халқы да зейнетақысының игілігін көргендер қатарында.
Зейнетақы жинағын ең аз пайдаланғандардың басында Түркістан облысы тұр. Бұл өңірдегі 1188 адам ғана 2,9 млрд теңгені пайдаға жаратқан.