×
523.86
544.34
5.11
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
523.86
544.34
5.11

Өндірістік қауіпсіздікті елемегендерге енді ескерту болмайды – Аймағамбетов

Бүгін, 14:21
Өндірістік қауіпсіздікті елемегендерге енді ескерту болмайды – Аймағамбетов
Ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов еңбек қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзғандарға қатысты, статистикалық деректер келтіріп, пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Телеграмдағы арнасында әр санның артында адам өмірі тұрғанын айтқан Аймағамбетов бір жылдағы өндірістегі жазатайым оқиғалардың 24%-і еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан болғанын жазды.

“1 232 өндірістегі жазатайым оқиға бір жылда тіркелді. Оның 251-і адам өлімімен аяқталды. Сол оқиғалардың 24%-ы еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан болған. Бұл жай ғана сандар емес. Бұл – біреудің өмірі. Біреудің отбасы әкесіз, анасыз, ұлсыз қалды. Мұның бәрі кездейсоқ емес, бұл – қауіпсіздік ережелеріне көз жұму салдары”, дейді депутат.

Оның айтуынша, еңбек қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзғандардың жартысынан көбі тек ескерту алған. Сол себепті депутат мұндай жүйені өзгерту керек деген пікірле.

“Ал егер бұл бұзушылық адамның өмірін қиып кетсе ше? Сол адамның отбасы алдында кім жауап береді? Мұны өзгерту керек еді. Біз оны өзгерттік. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгіздік. Қызу талқылаудан кейін олар қабылданды. Енді ескерту болмайды. Тек нақты және әділ жазалар болады”, деп жазды Мәжіліс депутаты.

НЕ ӨЗГЕРДІ

 1. Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін ескертулер мүлдем алынып тасталды.
 2. Айыппұлдар көлемі арттырылды:

  •  алғашқы бұзушылық үшін – 20-дан 120 АЕК-ке дейін;
  •  қайталанған бұзушылықтар үшін – 40-тан 240 АЕК-ке дейін.

БҰЛ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ

  •  Бұл “айыппұлмен ақша жинау” емес. Бұл – әділдік және адам өмірін қорғау.
  •  Адал жұмыс берушілерге алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл нормалар тек қауіпсіздікті елемейтіндерге қатысты.

Сондай-ақ Аймағамбетов жұмысшылар қашанда қауіпсіз еңбек жағдайына лайық болу керектігін алға тартты.

“Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу енді жазасыз қалмайды. Қызметкерлер қауіпсіз еңбек жағдайына лайық. Ал мұны түсінбейтіндер заң алдында жауап береді”, деді А.Аймағамбетов.