Вьетнамның SOVICO Group компаниясы қазақстандық Qazaq Air әуе компаниясының үлесін сатып алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КЕЛІСІМ ЖАЙЛЫ
«Самұрық-Қазына» АҚ стратегия және активтерді басқару жөніндегі тең басқарушы директоры Елжас Отыншиев мәжілісте келісім аяқталғанын айтты.
– Вьетнамның SOVICO Group компаниясына Qazaq Air әуе компаниясының үлесін сату жөнінде келісімдер аяқталды. Биыл 20 желтоқсанда экономиканы жаңғырту жөніндегі комиссия отырысында негізгі шарттар мақұлданды. Жыл соңына дейін “Самұрық-Қазына” директорлар кеңесі мен үкімет аталған келісім бойынша оң дауыс береді деп күтеміз, – дейді Елжас Отыншиев.
Оның сөзінше, Вьетнам инвесторына екі шарт қойылған. Біріншіден, компания 2044 жылға дейін Qazaq Air әуе компаниясының 38,4 млрд теңге қарызын жабуы керек. Сонымен бірге, алдағы бес жылдың ішінде “Боинг” немесе “Эйрбастан” 20 әуе кемесін сатып алуы тиіс.
– Аталған шарттарды орындау үшін вьетнамдық SOVICO компаниясы кепілдік беруге дайын. Жалпы, бұл талаптар Қазақстанның азаматтық авиациясын дамытуға оң әсерін тигізер, логистика, туризм, сауда секілді салалардың дамуына септігін тигізер деген үміттеміз. Сол арқылы қосымша халықаралық рейстер де ашылуы мүмкін, – дейді Елжас Отыншиев.
САУДА ЖАЙЛЫ
Көлік министрі Марат Қарабаев биыл жазда вьетнамдық VietJet холдингі қазақстандық Qazaq Air әуе компаниясын сатып алатынын хабарлаған болатын. Министрдің айтуынша, басымдық Ақтөбе әуежайына беріліп отыр, бірақ компания сонымен қатар Түркістан және Қызылорда әуежайларына да қызығушылық танытып отырған көрінеді.