×
515.89
536.32
5.17
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
515.89
536.32
5.17

Қазақстан Сирияның жаңа билігімен байланыс орната ма

25.12.2024, 13:04
Қазақстан Сирияның жаңа билігімен байланыс орната ма
Ulysmedia коллажы

Сириядан бұрынғы президенті Башар Асад қашып кеткеннен кейін ол елдің билігіне Ахмет Әл-Шара бастаған топ келген. Қазақстан билігі олармен байланыс орната ма? Жалпы Сирияда қазір Қазақстанның қанша азаматы жүр? Бұл сұрақ бүгін мәжіліс кулуарында Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевқа қойылды, деп жазады Ulysmedia.kz.

ОЛ ЖАҚТА КОНСУЛ БАР

Әлібек Бақаевтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда Таяу Шығыс бойынша басты мақсат – мәселені бақылауда ұстау және зерттеу. Әзірге ел билігі шешім қабылдамайды. 

– Бұған дейін Астана процесіне Сириядағы үкімет өкілдері мен оппозиция өкілдері келген. Сирияда бізде елшілік жоқ, тек консул отыр. Оның басты мақсаты – біздің азаматтарға көмек көрсету. Саяси жұмыстарға ол қатыспайды. Оның ондай құзіреті жоқ. Сирияға бізде бүгінгі таңда Ливандағы елші жауапты. Сондықтан, консулымыз соғыс кезінде Бейрутта отырады, – дейді ол.

Бақаевтың айтуынша, Сирия билігіне келген топ Қазақстанның тыйым салынған ұйымдар тізімінде жоқ. Тәліптермен байланыс орнатқандай Қазақстан да олармен қарым-қатынасты реттей ме деген сұраққа Бақаев “ол БҰҰ шешіміне байланысты” деп жауап берді. 

– Тәліптерді ол тізімнен алып тастау біздің шешім болған. Бірақ ол шешім БҰҰ-ның шешіміне негізделген. БҰҰ кіргізетін болса, біздің тізімнен алу немесе кіргізу құқығымыз бар. Сондықтан, біз бұл ұйымның шешімдеріне қарап отырмыз, – дейді ол.

СІМ басшысының орынбасары Сирияда қазіргі таңда Қазақстанның 30 шақты азаматы барын айтты. Олар көбінесе сол жаққа тұрмысқа шыққан, сол жерде тұратын, балалары сол жердегі азаматтар.

СИРИЯДАҒЫ ЖАҢА БИЛІК

Сирияның қазіргі көшбасшысы атанған Ахмет Әл-Шара жақында берген сұхбатында ел соғыстан шаршағанын, Сирия көршілеріне немесе Батыс елдеріне қауіп төндірмейтінін мәлімдеген еді. Дамаскіде ол Сириядан санкцияларды алып тастауға шақырған. Әл-Шара екі аптадан аз уақыт бұрын жақтастарымен Башар Асад режимін құлатқан. Ол көтерілісшілер альянсында үстем күш саналатын "Хайят Тахрир аш-Шам" (ХТШ) тобының жетекшісі әрі бұрын Әбу Мұхаммед әл-Жулани деген атпен танымал болған. Ол ХТШ террористік ұйымдар тізімінен шығарылуы керек дейді. Бұл тізімге ұйымды БҰҰ, АҚШ, ЕО, Ұлыбритания, Ресей және басқа да көптеген ел кіргізген еді. ХТШ 2016 жылы "Әл-Каидадан" бөлініп (террористік деп танылған және тыйым салынған) шыққан.

Ахмед Әл-Шара "Хайят Тахрир аш-Шам" террористік топ емес екенін айтады.