Маңғыстау полициясы жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаевты ұстап алып кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Блогер өзін апат болған жерде түсірілім жасағаны үшін ұстаған болуы мүмкін деп топшылайды.
“Мені ұстады. Ақтау қаласының ПБ-сына бара жатырмын. Болжам бойынша, ұшақ апаты болған жерді түсіргенім үшін.
P/S Қазіргі сәтте @reuters, @guardian, @bbcnews, @lemondefr және басқа да бүкіл әлемдік БАҚ менің фотосуреттерімді пайдаланып жатыр...
P/S P/S Осы жағдайдан шын көңіліммен күліп отырмын, өкінішке қарай, бұл қуаныштан емес, жағдайдың абсурдтылығынан туындаған күлкі” дейді блогер инстаграмдағы парақшасында.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті The Village Қазақстан басылымына блогер ұшақ апаты болған орында дрон ұшырып, құтқарушыларға кедергі келтіргені үшін ұсталғанын айтқан.
ҰШАҚ АПАТЫ
25 желтоқсанда Ақтау әуежайының маңында ұшақ құлаған еді. Оқиға орнынан видео желілерде тараған. Кадрларда ұшақ күрт биіктігін жоғалтып, құлап бара жатқаны көрінеді. Оқиға орнына арнайы қызметтер жеткен. Оқыс оқиға Сайын Шапағатов ауылында болғанын хабарланды. Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі ұшақ Баку қаласынан Грозныйға бағыт алғанын мәлім етті.
Қолда бар ақпарат бойынша ұшақ апатына оның құсқа соғылып, рульді басқаруда туған қиындық себеп болған.
ТЖМ министрлігінің дерегінше, бортта 69 адам болған, оның 5-еуі экипаж мүшесі. Оның ішінде 42 адам Әзірбайжан, 6 адам Қазақстан, 3 адам Қырғызстан, 16 адам РФ азаматы.
ТЖМ хабарлауынша, 29 адам, оның ішінде 2 бала ауруханаға жатқызылған. Олардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.
Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына Премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.
BEK AIR ҰШАҒЫНЫҢ АПАТЫ
Желтоқсанның аяғы қазақстандықтар үшін ірі ұшақ апатын еске салады да тұрады. Биыл Алматыдағы Bek air Fokker 100 ұшағының құлағанына 5 жыл болады. Астанаға бет алған Z92100/BEK2100 нөмірлі ішкі рейс әуе көлігі көтерілмей жатып оң жаққа күрт қисайып, артқы жағы бірнеше рет жерге тиіп, бетон қоршауды бұзған күйі әлі салынып бітпеген екі қабатты үйге соғылған.
Қайғылы жағдайдан 1996 шығарылған ұшақтағы 98 адамның 12-сі қаза тапқан.