×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Отыздан асып барамын» қоғамда қандай пікір туғызды

20.12.2021, 17:16
«Отыздан асып барамын» қоғамда қандай пікір туғызды
Фото: Ашық дереккөзден

Ирина Кайратовна тобының Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап түсірген «Отыздан асып барамын» фильмі көрермен қауымның оң бағасына ие болып, елдегі youtube арналар таратқан видеолардың трендіне шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.

Фильмнің қоюшы режиссері – Қуаныш Бейсеков. Басты рөлді топ мүшесі Алдияр Жапарханов сомдайды. 1991 жылы туған Азат есімді жігіттің тағдыры бұл фильмде Тәуелсіз Қазақстанның тарихымен параллель сипатталған. Тоқсаныншы жылдардағы қиындық, Мұстафа Өзтүріктің өлімі, астананың Ақмолаға көшірілуі, Заманбек Нұрқаділовтың жұмбақ өлімі, Жаңаөзен оқиғасы, коронавирустың елде үдеуі – осы оқиғаның бәрі де киноға кіріктірілген.

Бір күннің ішінде ғана фильмді 1,7 миллионнан астам адам тамашалап, пікір қалдырғандар саны 17 мыңнан асып кеткен.

Фильмнің астына пікір қалдырғандардың көбі түсірілім тобына алғысын жаудырып жатыр. Фейсбук әлеуметтік желісінде де тың туынды қызу талқыға түскен. Журналист Нұрмұхамед Байғараев фильмді елдің бейресми хронологиясы деуге болатынын жазады.

«47-минутта ұлт мұңын бірнеше кадрларға сыйдыра салыпты. Ядролық жарылыс, Желтоқсан оқиғасы, шахталардағы жарылыстар, Шымкентте жүзге жуық ана мен балаға ВИЧ жұқтыру, 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасында 24 жасар полицей Әсет Бейсеновті тұрғындардың тірідей өртеп жіберуі, тұлғалардың өлімі...» - дейді ол.

Ал Қанат Тілеухан Ирина Қайратовнаның «Отыздан асып барамын» атты ютуб киносын көріп шыққанын жаза келе Қазақстанның отыз жылда жүріп өткен жолы баяндалатынын келтіреді.

«Барлық маңызды саяси оқиғалар қамтылған. Көркемдік жағы нашар. Барлық нәрсені «лобовой» айтады. Сонысына қарамай көпшілікке ұнапты. Көргендердің саны бір күннің ішінде 1 млн. асып кеткен. Ұнайтын себебі халық өтіріктерден шаршаған. Көретіні, еститіні пропаганда. Ирина Қайратовнаның бұған дейін «5000» деген клипін көргенмін. Ол жерде де саяси мәселелер көтеріледі. Мәселен, коронавирустан ел қырылып жатқанда Көлгінов әкімнің от шашу шашқаны бар. Оны көрген жұрт 38 млн. асып кеткен. Менің білгім келетіні бұл жігіттер елдегі саяси мәселеге шын алаңдай ма екен, әлде осындай тақырып өтімді болған соң саяси кино мен клип түсіріп жүр ме?» - деп сұрақ қояды ол.

Ал Зарина Москау атты журналист фильмнің режиссері Қуаныш Бейсековке алғыс айтып, жазба қалдырған.

Жандос Байділдә атты журналист фильмнің ұнамағанын айтады.

««Босқа кеткен 1,5 сағатым ай!» деп уақытын үнемі тиімді жұмсайтын адам сияқты болмайын. Бірақ мынау фильм емес, шолу, 1 сағат 27 минутқа созылған клип. Әр оқиғаны сипай қамшылап, сыртынан сырғанатып өткен. Кука жақсы көретін ұтымды «отсылкалар» да жоқтың қасы. Мынаның жанында «Балалық шағымның аспаны» фильмінде режиссерлік жұмыс бар. «Мата атымен бөз өтедінің» кері. ИК түсірді деген соң қаралым миллион асты. Әлі де қаралар. Бірақ, Куканың дебютті полнометражкасы сәтті шықты деп айта алмаймын. Әрине, мемлекет қаражатынсыз түсірілген дүние. Еңбектенді, қаржы салды, уақыт жұмсады. Бірақ жігіттерден өзгерек туынды күткен едім», - дейді ол.