Экс-президенттердің жеке мәліметтері құпия болғаны дұрыс па деген Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына мәжіліс депутаттары Ерболат Саурықов пен Тілектес Адамбековке қойып көрді.
САУРЫҚОВ НЕ ДЕЙДІ
Ерболат Саурықов “бұл дұрыс жағдай” деп есептейді. Айтуынша, мемлекет басшысы мемлекеттік деңгейдегі, халықаралық деңгейдегі құпия құжаттарға қол қоюы мүмкін.
Өйткені халықтың тағдырын, тарихын шешетін кейбір мәселелер болады. Одан бөлек, мемлекетті басқарып отырғаннан кейін өзге мемлекеттермен байланыс деген бар. Президенттің кейде батыл қадам жасауына тура келеді. Ондай жағдайларда ертеңгі күні мемлекетке келген екінші президент оны қайтадан көтеріп, сол арқылы халықтың алдында абырой жинау үшін пайдалануы мүмкін. Бұл Қазақстанда ғана емес, көптеген елде бар. Құпиялылық менің ойымша, сақталуы керек, – дейді ол.
АДАМБЕКОВТЫҢ ПІКІРІ
Тілектес Адамбеков те бұл пікірді қолдайды.
Ол менің ойымша, дұрыс деп ойлаймын. Өйткені қазір президенттің жалпы жұмысы. Президенттік жүйе құламауы керек. Біздің Қасым-Жомарт Кемелұлы «президент деген жалданған топ-менеджер» деп айтты ғой. Сол жүйеде таза жұмыс істесе, жұмыс жүйесі дұрыс болса, онда тұрған менің ойымша ештеңе жоқ. Ал қауіпсіздік бойынша ол халықаралық деңгейде барлық мемлекетте солай. Бүкіл мемлекеттердің президенттері қорғалады. Олардың ақпараттары қорғалады. Өйткені әртүрлі шабуылдар болуы мүмкін. Меніңше, ол ақпараттар қорғалуы керек, – дейді Адамбеков.
ЗАҢ ЖАЙЛЫ
Бұған дейін сенат "Мемлекеттік құпиялар туралы” заңға енгізілген өзгерістерді мақұлдаған. Оған сай, Қазақстанда экс-президенттер мен олардың отбасы жайлы деректер құпия ақпараттар қатарына енгізіледі. Жобаға сәйкес, мемлекеттік құпияларға қазіргі президенттің, оның отбасының қауіпсіздігі, сондай-ақ оның денсаулығы мен жеке өмірі туралы мәліметтер ғана емес, сонымен қатар экс-президенттер мен олардың отбасылары туралы ұқсас ақпарат та енгізіледі.
Тоқаев 10 қаңтарда экс-президенттердің жеке өмірі жайлы мәліметтерге қатысты заңға қол қойды.