Аустралиялық блогер қайырымдылықтан ақша жинау үшін бір жасар қызын улап жүрген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
34 жастағы аустралиялық блогер бір жасар қызына қатыгездік жасап, 60 мың доллар көлемінде алаяқтық жасады деп айыпталды. Бұл туралы Australian Broadcasting Corporation жазды.
ӘДЕЙІ ІСТЕГЕН
Полиция мәліметінше, әйел қызына денсаулығына қауіпті дәрі-дәрмектерді әдейі берген. Ол бала қатты ауырсынған кезде суретке түсіріп, кейін суреттерді GoFundMe платформасы арқылы қайырымдылық қаражатын жинау үшін пайдаланған.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2023 жылдың 6 тамызы мен 15 қазаны аралығында әйел қызын ауыр жағдайға жеткізу мақсатында оған заңсыз алынған препараттарды берген. Оның ішінде басқа отбасы мүшелеріне бұрын тағайындалған ескі рецептілер арқылы алынған дәрілер де болған.
60 МЫҢ ДОЛЛАР
Тергеу барысында әйел GoFundMe арқылы шамамен 60 мың доллар жинағаны анықталды. Жиналған қаражат баланы емдеуге жұмсалуы тиіс болған, алайда полиция бұл ақшаның жеке пайда үшін жұмсалғанын растады.
Бала Оңтүстік Брисбендегі ауруханада ем қабылдаған кезде оның ағзасынан балаға арналмаған дәрі-дәрмектер табылған. Бұл сәйкессіздік пен блогердің күдікті әрекеттері медициналық қызметкерлердің алаңдаушылығын туғызып, олар 2023 жылдың қазанында полицияға хабар берген.
Блогер 17 қаңтар, жұма күні Брисбен сотының алдында жауап береді.