Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған қырғыз музыканты Викрам Рузахунов полицейлердің сотталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Сот үкімі жарияланды: алты айыпталушының барлығы үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, сот залында қамауға алынды. Сонымен қатар, 44 талапкердің бірқатарының моральдық зиян үшін өтемақы талаптары ішінара қанағаттандырылды. Алайда, әділ сот төрелігіне деген құрметтің орнына, тағы да үрейлі әрекеттерінің куәсі болдық. Қарасай аудандық сотының ғимаратының алдында Қарасай аудандық полиция басқармасының ондаған қызметкері жиналып, зардап шеккендер мен олардың адвокаттарына қысым көрсету атмосферасын қалыптастырды. Ал қабылдау бөлмесінде трансляция жасау үшін үлкен теледидар орнатылды.
Бұл процесс арқылы әділдікке титтей болсын қадам жасалды. Өкінішке қарай, ол Қазақстандағы адам құқықтары үшін күрестің жүйенің тұрақты қарсылығы жағдайында жалғасып жатқанын тағы да көрсетті. Қаралы қаңтар – әлі де жазылмай тұрған жара. Бірақ бүгін, ішінара болса да, кінәні мойындау мен адам абыройына қарсы жасалған қылмыстар үшін жаза қолдану бағытында қадам жасалды, дейді музыкант.
ПОЛИЦЕЙЛЕРГЕ ШЫҚҚАН ҮКІМ
Бүгін Алматы облысында Қаңтар оқиғасы кезінде азаптаумен айналысқан полицейлерге сот үкімі шықты.
Сот экс-полицейлер Бауыржан Сопақов, Арман Шойбеков, Берік Әбілбеков, Олжас Айдарханов, Серік Турпанов және Нұрсұлтан Хамитовты қамауға алынғандарды азаптаумен айналысты деп танып, олардың әрқайсына үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
2022 жылдың 7 қаңтарында Алматы – Бішкек тас жолында «тәртіпсіздікке қатысқандарды ұстау операциясы» кезінде шекара қызметінің арнайы жасағы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтарынан шамамен жүз адамды ұстады. Қошмамбет ауылындағы изоляторға 98 адам жеткізілген.
Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған қырғыз музыканты 61 миллион теңге өтемақы талап еткен болатын.