×
516.85
537.68
5.26
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.85
537.68
5.26

Болат Назарбаевтың "оң қолы" болған Қоспаевтан қанша ақша тәркіленді

Болат Назарбаевтың "оң қолы" болған Қоспаевтан қанша ақша тәркіленді
Ulysmedia.kz коллажы

28 қаңтарда Астанада қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Елдос Қоспаев басқарған ұйымдасқан қылмыстық топтың 11 мүшесіне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сотталушыларға Қазақстан аумағында ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, оған жетекшілік етіп, сондай-ақ бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген айып тағылды.

Топ мүшелері мен олардың жетекшісі қандай қылмыстар үшін кінәлі деп танылды?
    •    ҰҚТ (ұйымдасқан қылмыстық топ) құру және басқару
    •    Ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болу
    •    Рейдерлік
    •    Ірі көлемдегі ақшаны жылыстату
    •    Ерекше ірі көлемде мүлікті жымқыру
    •    Ерекше ірі көлемдегі алаяқтық
    •    Заңсыз кәсіпкерлік, аса ірі көлемде пайда табу
    •    Есеп-бақылау маркаларын қолдан жасау
    •    Ерекше ірі көлемде бопсалау
    •    Рейдерлік жасауға дайындалу
    •    Шекараны заңсыз кесіп өту
    •    Зорлау
    •    Жалған құжат қолдану
    •    Ресми құжаттарды қолдан жасау
    •    Салық төлеуден жалтару

ІСТІҢ МӘН-ЖАЙЫ

2016 жылы Елдос Қоспаев ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған жетекшілік етті. Топ құрамында 11 адам болған. 2016 жылдың қазанынан 2021 жылға дейін олар бес компанияны (ЖШС-ні) рейдерлік жолмен тартып алып, тағы бір кәсіпорынды басып алуға дайындалған.

2018-2022 жылдар аралығында қылмыстық топтың мүшелері 4,6 млрд теңге көлемінде мүлікті жымқырған. Осылайша, “Esentai City” тұрғын үй кешеніндегі 133 тұрғын және коммерциялық нысан нарықтық бағадан әлдеқайда төмен бағада өздеріне, туыстарына және оларға жақын адамдарға сатылған.

ЗАҢСЫЗ ІШІМДІК ЖАСАУ

Бұдан бөлек, Қоспаев пен оның серіктестері жалған есеп-бақылау маркаларымен алкоголь өнімдерін заңсыз сатқан. Бұл мақсатта олар өздеріне бағынышты кәсіпорындарды пайдаланып, 7 млрд теңгеден астам заңсыз пайда тапқан.

Жымқырылған қаражат қымбат жылжымайтын мүлік пен автокөліктер сатып алған, мүлікті жалға берумен айналысып, заңсыз жолмен алынған ақшаны депозиттерге салып,  аста-төк өмір сүрген. 

Осы кезеңде Қоспаев пен оның үш серіктесі қорқытып-үркіту арқылы жәбірленушілер К. мен К.-ға тиесілі сауда базары мен автокөліктерді тартып алған. Қылмыстық топтың тағы бір мүшесі жазасыз қаламын деген оймен адам зорлаған.

Тергеу барысында үш қылмыстық топтың мүшесі өздерінің ауыр қылмыс жасағанын түсініп, құқық қорғау органдарынан қашып, шетелге жасырынған.

СОТ ҮКІМІ

Барлық 11 айыпталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сотталушылардың мойындауларымен, құпия тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, сарапшылар мен мамандардың қорытындыларымен, тінту барысында алынған айғақтармен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен толық дәлелденді.

Сот қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеу туралы қосымша жаза қолданды.

ТӘРКІЛЕНГЕН МҮЛІКТЕР 

  • 78 пәтер, 6 жер учаскесі, қойма ғимараты, 10 коммерциялық нысан, 2 көпқабатты үй (жалпы ауданы – 2 482 м²);
  • 5 гараж, 3 коммерциялық нысан, 5 сауда нысаны (жер телімдерімен бірге), 80 автокөлік, 2 қару бірлігі, ақшалай қаражат пен құнды заттар.

Сондай-ақ, сот сотталушылардан жәбірленушілердің пайдасына 6,5 млрд теңге мөлшерінде материалдық және моральдық зиянды өтеуге шешім шығарды.

Тергеу ісі бір жылға жуық уақытқа созылды. Тергеу материалдары 508 томнан тұрды, сондай-ақ 8 терабайттық видео және аудиожазбалар дәлел ретінде тіркелді.

Ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы Елдос Қоспаев 15 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Қылмыстық топтың басқа мүшелері әртүрлі мерзімге сотталды.