Украина президенті Владимир Зеленский Дональд Трамп пен Владимир Путиннің Киевтің қатысуынсыз Ресей-Украина соғысы туралы келіссөздері барлығы үшін қауіпті екенін айтты. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.
Бұған дейін Дональд Трамп оның әкімшілігі Ресеймен Украинадағы соғыс туралы «өте байыпты» келіссөздер жүргізгенін айтқан.
«Олардың [АҚШ пен Ресейдің] өз қарым-қатынастары болуы мүмкін, бірақ бізсіз Украина туралы әңгілесу барлығы үшін қауіпті», деді Владимир Зеленский Associated Press агенттігіне берген сұхбатында.
Украина президентінің пікірінше, келіссөздерге Еуроодақ өкілдері де қатысуы керек. Зеленскийдің айтуынша, оның командасы Трамп әкімшілігімен «жалпылама деңгейде» байланыста. Мәліметтерді пысықтау үшін жақын арада жеке кездесулер өтеді деп күтіліп отыр.
Украина президенті Трамптың Украинадағы арнайы өкілі Кит Келлогтың қаңтардың басында болуы тиіс Киевке сапары «заңды себептермен» кейінге шегерілді деп мәлімдеді.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске сала кетсек, жуырда Трамп, Зеленский мен Путиннің Астанада кездесуі мүмкіндігі туралы сөз болған.
Бұдан сәл ертеректе АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамп РФ басшысы Владимир Путинмен кездесетінін мәлімдеген.