Абай облысында ана мен бала өлімінен кейін дәрігерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Себебі Үржар ауданындағы перзентханада 34 жастағы келіншек пен ішіндегі шақалақтың өмірі қиылды. Қазір медициналық сараптама қортындысын алған марқұмның туыстары әділдік талап етіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҚЫНДАРЫ НЕ ДЕЙДІ
— Жолдасым мен сәбиімнің өліміне қатысты сараптама қортындысы шықты. Осы аурухана дәрігерлерінің кінәсі болып отыр. Жолдасымның тамырын кесіп жіберген. Жолдасымның денсаулығында ешбір кінәрат болмаған. Осы дәрігерлер заң алдында жаппай жазасын алса деймін, дейді марқұмның күйеуі Ұлан Балапанов КТК телеарнасына берген сұхбатында.
САРАПТАМА
Медициналық сараптама әйелдің ішіне қан кетіп көз жұмғанын анықтаған. Енді полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
— Үржар ауданының полиция бөлімі медицина қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сотқа дейінгі тергеудің толықтығы мен жан-жақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған тергеу жүргізілуде. Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Соның нәтижесімен заңды процессуал шешім қабылданады, дейді Абай облысы ПД тергеу басқармасының бастығы Сұңғат Әділбеков.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
Еске салайық, Абай облысында перзентханаға босануға барған әйел баласымен бірге қайтыс болған. Марқұм болған әйелдің қызы бұған дәрігерлерді кінәлап, әділдікті талап етті.
Қайғылы жағдай 30 қаңтарда Үржар ауданында болған. Айы-күні жақындап перзентханаға барған 34 жастағы әйел Гүлнар Бейщанова құрсағындағы шақалағымен қайтыс болған. Қара жамылған отбасы төртінші баласын босануға кеткен әйел ешқашан ауырмағанын айтады. Сондықтан олар дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болды деп топшылап отыр. Себебі дәрігерлер оған дәрі егіп, бір тәулік күтеміз деп жатқызып қойған екен.
БАСҚАРМА НЕ ДЕЙДІ
Бұл жайтқа қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары пікір білдірген. Олар ана мен бала өлімінен кейін қызметінен шеттетілген дәрігерлердің жұмысқа оралуына қатысты жауап бере алмады. Мамандар босануға келген әйелге тиісті ем-шара бекітілген нұсқаулық бойынша жасалғанын ғана айтты.