Түркістан облысында әскери қызметкер 19 жастағы жігітті өлтірді деген күдікке ілінді. Күдікті марқұмның атынан бірнеше несие алды деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА
Қанды қылмыс Түркістан облысының Сарыағаш ауданында жасалды. Otyrar.kz мәліметінше, 19 жастағы жігітті ауыл бұзақылары елсіз жерге апарып, аяусыз азаптап өлтіріп кеткен. Марқұмның анасының сөзінше, қылмыс 20 ақпанда болған. Ал 22 ақпан күні мәйітті ауыл шопаны тауып алған көрінеді.
- Айдала, түн түгілі күндіз баруға қорқатын жерге менің баламды алып барған. 14 жерінен пышақтап, маңдайынан лом ұқсас құралмен ұрған. Өйткені, сүйегі кіріп кеткен. Із бар кәдімгідей. Сол жерден табылып отыр ғой балам, дейді марқұмның анасы Райхан Жамалова.
КҮДІКТІ
Әлеуметтік желіде таралған ақпаратқа сүйенсек, жантүршігерлік қылмысты жасады деген күдікке ілінгендер қатарында әскери қызметкер де бар. Бүгінде ол ұсталып, қамауға алынған. Мұны қалалық әскери тергеу басқармасының мамандары мәлім етті.
- Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодесінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған күдікті анықталып, ҚР ҚПК-нің 128-131 баптарының тәртібімен ұсталды және күдіктіге қатысты тергеу соты 2 ай мерзімге «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға санкция берді. Қазіргі танда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, дейді ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының Шымкент бөлімі.
МАРҚҰМНЫҢ АТЫНАН НЕСИЕ АЛЫНҒАН
Сарыағаш қаласында болған қанды оқиғаға қатысты ғаламторда сан түрлі ақпарат тарап жатыр. Солардың бірінде, күдікті марқұмға 280 мың теңге көлеміндегі ақшаны қарызға алдырған деген де дерек бар. Қазір оқиға бойынша тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал марқұмның отбасы, ұлының ажалына себеп болғандар тиісті жазасын қатаң түрде алсын деп отыр.