Әлемді аузына қаратқан АҚШ президенті Дональд Трамп тағы да мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚШ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен өткен "жақсы әрі өнімді" келіссөздер туралы айтып, Украинадағы соғыстың аяқталуына үміт білдірді.
"Бұл сұмдық, қан төгілген соғыстың ақыры аяқталуына өте жақсы мүмкіндік бар, алайда дәл қазір мыңдаған украиналық әскери қызметкерлер ресейлік әскерилердің толық қоршауында қалып, өте нашар және осал жағдайда тұр", - деп жазды Трамп 14 наурыз, жұма күні Truth Social әлеуметтік желісінде.
УКРАИНА ӘСКЕРИЛЕРІНІҢ ӨМІРІН САҚТАУ ТУРАЛЫ ӨТІНІШ
АҚШ көшбасшысының айтуынша, ол Путиннен украиналық сарбаздардың өмірін сақтап қалуды "жалынып сұраған".
"Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған сұмдық қырғын болар еді. Құдай олардың бәріне жар болсын", - деп қосты Трамп.
КЕЛІССӨЗДЕР ТУРАЛЫ БЕЛГІСІЗДІК
Хабарламада АҚШ президентінің ресейлік әріптесімен өзі сөйлескені немесе бұл келіссөздердің 13 наурызда Мәскеуге барып, Ресей президентімен кездескен Трамптың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткоффқа қатысты екені белгісіз.
ПУТИН МЕН УИТКОФФТЫҢ МӘСКЕУДЕГІ КЕЗДЕСУІ
14 наурызда журналистермен өткен брифингте Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путиннің Уиткофф арқылы Трампқа "ақпарат пен қосымша сигналдар" бергенін мәлімдеді.
Песковтың айтуынша, РФ мен АҚШ президенттерінің телефон арқылы сөйлесу уақыты әлі келісілмеген, оны өткізу мерзімі Уиткофф Мәскеуде алған ақпаратты Трампқа жеткізгеннен кейін анықталады.
ПУТИННІҢ АТЫСТЫ ТОҚТАТУ ЖАЙЛЫ ҰСЫНЫСЫ
Бұған дейін Путин Украинадағы атысты тоқтату туралы ұсынысқа белгілі бір шарттар негізінде келісетінін мәлімдеген болатын. Ол бұл дағдарыстың бастапқы себептерін жоюды және Украинаға қайта қарулануға, бітімгерлік кезеңінде қосымша мобилизация жүргізуге мүмкіндік бермеуді талап етеді.