25 наурызда толассыз жаңбыр салдарынан Алматы облысындағы Қотырабұлақ өзені арнасынан шығып, Талғар ауданы, Бесағаш ауылында жеті аула аумағы мен медициналық орталықты су басты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СЕБЕП
Алдын ала мәліметтер бойынша, медициналық орталықтың судың астында қалуына тұрғындардың өзен арнасын заңсыз тарылтып қоюы себеп болған. Яғни тұрғындар өзеннің табиғи арнасына қоршаулар мен күркелер орнатқан, бұл судың әрі қарай өтуіне кедергі келтірген.
ТЖД
Салдарды жою және су басудың алдын алу мақсатында Талғар ауданының төтенше жағдайлар бөлімі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су басқан үйлердің жоғарғы бөлігінде арық жүйесін тереңдету жұмыстарын жүргізуде.
Жұмысқа Алматы облысы ТЖД және жергілікті атқарушы органдарынан 15 адам, 5 техника және 2 мотопомпа жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта су ағымы тоқтатылды, заң бұзушыларды анықтау және өзен арнасының табиғи өткізу қабілетін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.