Мьянма билігі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны қазіргі уақытта 694 адам болғанын мәлім етті. Ал зардап шеккендер қатары 1670-ке жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz BBC-ге сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Мьянманың екінші ірі қаласы Мандалай құтқару қызметінің ВВС-ге берген ақпаратына сүйенсек, зілзаланың зардабы орасан және табиғи апаттан қаза болғандар саны уақыт өткен сайын артуы мүмкін.
USGS мәліметі бойынша, алғашқы ең күшті жер сілкінісі (10 км тереңдікте) жұма күні түстен кейін Мьянманың орталық бөлігінде, жергілікті уақытпен 12.50 шамасында болды. Екінші дүмпу 12 минуттан кейін қайталанған.
Зілзала ошағыі Сагайн елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 16 км жерде, Мандалай қаласының маңында тіркелген. Бұл аумақ Мьянма астанасы Нейпьидодан солтүстікке қарай шамамен 100 км жерде.
ШЫҒЫН КӨЛЕМІ ӘЗІРГЕ БЕЛГІСІЗ
Әзірге Мьянма билігі жер сілкінісі салдарынан болған зардаптың көлемі туралы хабарлаған жоқ. Дегенмен Мандалайдағы Патша сарайы қирағаны белгілі болды. Сол сияқты Иравади өзені арқылы өтетін көпір құлады.
Мьянмадағы әскери хунта Сагайн, Мандалай, Бога және Магуэй аймақтарында, Шан штатының шығыс бөлігінде, сондай-ақ ел астанасы Нейпидода төтенше жағдай режимін жариялады.
ӘЛЕМДІК ҚАУЫМДАСТЫҚ КӨМЕК БЕРЕДІ
Бирма әскери хунтасының жетекшісі Мин Аун Клайн әлемдік қауымдастықтан көмек сұрады.
Мен кез келген елді, кез келген ұйымды, кез келген адамды көмекке шақырғым келеді. Рахмет, - деді ол теледидар арқылы жасаған үндеуде.
Сонымен қатар ол «шетелден келетін көмекке барлық жолдарды ашқанын» айтты.
Мьянмаға АҚШ, Еуропалық одақ және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы сондай-ақ бұған дейін құтқарушылар тобын жіберген Қытай мен Ресей көмектесуге уәде берді.
АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ НЕ ДЕЙДІ?
Естеріңізге сала кетейік, зілзаладан кейін іле-шала тараған ақпаратта ондаған адам қаза тапқаны мәлім болған. New York Times, The Guardian және Reuters-тің хабарлауынша, Мьянманың әртүрлі қалаларында кем дегенде 30 адам жер сілкінісінің құрбаны болған.
Мандалайдағы қалалық аурухана ақпаратына сілтеме жасаған New York Times газеті табиғи апаттан 20 адам қайтыс болып, кем дегенде 300 адам жарақат алған деп жазды.