Қазақстанға Дженнифер Лопестің концертіне қатысу үшін ұсынылатын турлар интернетте жаппай сатылып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жарнама хабарландырулар, әсіресе Instagram желісінде кеңінен таралған.
Турлар арасында Көлсай мен Қайыңды көлдеріне, Шарын шатқалына саяхат жасау ұсынылады. Соңынан Астанаға жетіп, америкалық поп-дива Дженнифер Лопестің концертіне бару жоспары жазылады.
Алты күндік турдың бағасы 1420 доллар немесе шамамен 730 мың теңге. Бұл сомаға концерт билеті (билейтін аумақ) кіреді.
ӘНШІНІҢ КОНЦЕРТІ
Америкалық поп-дива Дженнифер Лопес Қазақстанды өзінің әлемдік Up All Night турнесіне қосқан.
Концерт 2025 жылдың 1 тамызында Astana Arena стадионында өтеді. Бұл – Лопестің Қазақстандағы алғашқы өнер көрсетуі.
Тур әлемнің 15-ке жуық қаласын қамтиды, олардың арасында Анталья, Ыстамбұл, Мадрид, Барселона, Будапешт және Варшава бар. Қазақстан – Орталық Азиядағы осы гастрольдік сапарға қосылған аз ғана елдің бірі, бұл шара жергілікті жанкүйерлер үшін ерекше мәнге ие.
Шамамен 15 мың шетелдік турист концертке келмек. Ал экономикалық әсері 6,5 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін.