Ақмола облысында шамамен 70 тұрғын үйді су басып қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Төтенше жағдайлар министрлігі облыстағы су тасқыны жағдайын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, Ақмола облысының Астрахан ауданы Жаңатұрмыс, Колутон, Старый Колутон, Ягодное және Атбасар ауданы А.Құрманов ауылдарында 69 жеке тұрғын үйді, ал Бұланды ауданы Новобратское ауылында 29 аула аумағын су басқан.
Су тасқыны кезеңінде 383 адам эвакуацияланды, оның 10-ы уақытша орналастыру пунктілерінле, ал 159 эвакуацияланған адам туыстарының қасында тұрады, 214 адам үйіне оралды.
Автомобиль жолдарында су төгілген 26 және шайылып кеткен 5 учаске бақылауда, 14 елді мекенде көлік қатынамайды.
ЦИТАТА
– Қазір төрт аймақ бақылауда: Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Абай облысы. Алайда, мұнда су тасқыны мен су басу қаупі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда едәуір төмен, – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысындағы су тасқыны жағдайы ушығып бара жатқаны хабарланған болатын — Макинскіден кейін Атбасар ауданы да су астында қалды. Әлеуметтік желілерде тасқынға қатысты видеолар тарады. Жазба авторларының айтуынша, кейбір үйлерде су деңгейі ғимараттардың жартысына дейін жеткен.
4 сәуір күні Макинск тұрғындары су тасқыны кезінде түсірілген кадрларды жариялады: көшелер, аулалар мен үйлерді су басқан. Олардың айтуынша, мұндай жағдай әр көктем сайын қайталанады. Айта кетейік, 19 наурызда Макинскідегі мектеп су тасқынынан кейін қашықтан оқыту форматына көшкен болатын.