Тараз қаласының №2 соты БАҚ-та "Нурбол с ксивой" атанған Нұрбол Кәрімовтің жазаны жеңілдету жөніндегі өтінішін қарады. Ол түзету мекемесіндегі жазасының өтелмеген бөлігін айыппұлмен алмастыруды сұраған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Нұрбол Кәрімов Алматы облысының тумасы, жоғары білімді, бұрын сотталмаған. 2022 жылғы 9 қарашада Ақтау қалалық сотының үкімімен бірнеше бап бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Сондай-ақ оған өмір бойына белгілі бір қызмет атқаруға тыйым салынған.
ЖАЗАСЫН ҚАЙДА ӨТЕП ЖАТЫР
Қазір ол Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №25 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Сотқа жолдаған өтінішінде ол мемлекеттік баж бен сот шығындарын өтегенін, азаматтық талаптар жоқ екенін айтып, қалған мерзімді айыппұлмен алмастыруды сұраған.
СОТТАҒЫ ПІКІР
Сотталушы мен адвокаты өтінішті қанағаттандыруды сұрады. Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкері де өтінішті қолдауға қарсы емес екенін айтты. Прокурор өтінішті қанағаттандыруға қарсы пікір білдірді.
СОТ ШЕШІМІ
Сот жазаның өтелмеген бөлігін жеңілдетуге тек сотталушының толық түзеліп, қоғамға қауіп төндірмейтінін дәлелдейтін негіздер болғанда ғана рұқсат берілетінін атап өтті. Сотталушы тек 3 жыл 2 ай 22 күн ғана өтеген, ал қалған 4 жыл 3 ай 9 күн жазасын әлі өтеуі тиіс. Сонымен қатар, ол ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін сотталған.
Сот бұл жағдайда жазалау мен түзету мақсаттары толық орындалмаған деп танып, өтінішті қанағаттандырудан бас тартты, – делінген сот шешімінде.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.