×
521.53
601.01
6.43
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
521.53
601.01
6.43

Абай Бегейдің қызы «алаяқ» па: лотереяның жыры

22.04.2025, 21:30
Абай Бегейдің қызы «алаяқ» па: лотереяның жыры
Видеодан скриншот

Қалмай жүрген әдет пе, әлде оңай олжа табу ма? Әнші Абай Бегейдің қызы заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастыруын доғармай жүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КТК ақпаратынша Гүлеркем Ниязқұлова былтыр ғана лотереямен айналысқаны үшін салықшыларға бір миллионнан аса айыппұл төлеген. Бірақ ол сабақ болмапты. Күні кеше әлеуметтік желіде тағы бір ұтыс ойынының жеңімпазын анықтап, жүлдегерге 15 миллион теңгені табыстады

15 миллион теңге тараздық көпбалалы анаға бұйырған. Қуанышын жасыра алмаған әйел «ойын шынайы болды, бәрің ойнаңдар» деп, басқаларды да үгіттеп әлек. Ал құзырлы органның ескертуін елемей келген әншінің қызы кейін видеоны желіден өшіріп үлгерген. Десе де Гүлеркем Ниязқұлованың желіде негізгі парақшасынан бөлек, тек ұтыс ойындарына арналған тағы бір парақшасы бар. Оған қатысу үшін 100 теңгеден 1000 теңгеге дейін билет алу керек. Желіде ұтыс ойынын ұйымдастырғандар қатарында блогер Сабина Мовлаева да бар. Жақында ғана жеке кәсібін ашқан олар тауарын сатып алған жанды 30 миллион тұратын үйдің ұтысына қатысады деп жазыпты. Бұл блогер де салықшылардың жіті назарында. Құзырлы органдар былтыр осылай мыңдаған адамды заңсыз лотереяға тартқан 101 адамды жауапқа тартқан. Бірақ оңай олжаға кенелгісі келетін әнші, әртіс, блогерлерге бұл тосқауыл болмайтын сияқты. Өйткені жыл басынан бері тағы осындай 23 адам жауапқа тартылды.

“Осындай ойындар өткізіліп жатқаны жөнінде нақты мәлімет ұсынылған жағдайда біз тиісті түрде ден қоямыз, шара қабылдаймыз, тиісті түрде әкімшілік жауапқа тартамыз. ҚР ҚК 445-бабының 7-бөлігімен жауапкершілікке тартамыз. Бұл бапта тәркілеу мәселесі қаралған. Жеке тұлға болған жағдайда 200 АЕК қарастырылған. Ал шағын кәсіпкерлік субъектісі болса, 750 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады”- дейді ҚР Туризм және спорт министрлігінің ойын бизнесі және лотереяны реттеу комитетінің бас сарапшысы Асылбек Мұстафаев.

БҰҒАН ДЕЙІН

Үкімет басшысының орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев лотерея терминалына тексеру жүргізу жөнінде депутаттардың талабына жауап берген еді. 

Еске сала кетейік, бұған дейін мәжіліс депутаттары елде жасыл-сары түсті терминалдардың еліміздегі ресми саны 5 мыңнан асып жығылатынын мәлім еткен еді. Яғни әр облыс орталығында кемі 300 терминал бар, бұл тек ресми тіркелгені. Заңсыз жұмыс жасап жатқан жасыл-сары жәшіктердің есебін ешкім білмейді. Депутат Елнұр Бейсенбаев ол жәшіктерді депсауалында “тажал ойын” деп те атаған.

Серіктес жаңалықтары