×
518.07
595.21
6.37
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
518.07
595.21
6.37

Лондондағы құпия кездесу: Украина соғысы тоқтай ма

Бүгін, 19:55
Лондондағы құпия кездесу: Украина соғысы тоқтай ма
Ашық дереккөзден

АҚШ пен Еуропа елдерінің Сыртқы істер министрлерінің Лондонда өтуі тиіс кездесуі кейінге шегерілгенімен, Ұлыбритания мен Украина өкілдері келіссөз жүргізіп үлгерді. Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми бұл кездесуді "құнды" деп бағалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КЕЛІССӨЗГЕ КІМДЕР ҚАТЫСТЫ?

23 сәуір күні Sky News арнасының хабарлауынша, Ұлыбритания мен Украина делегациялары арасында өткен кездесуге Украина тарапынан Қорғаныс министрі Рустем Умеров пен Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Сибига, ал Ұлыбритания тарапынан Қорғаныс министрі Джон Хили мен Сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми қатысты.

ҰЛЫБРИТАНИЯ ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЫСТЫ "СЫН СӘТ" ТУРАЛЫ МӘЛІМДЕДІ

Лэмми бұл кездесудің Ұлыбританияның қауіпсіздігі үшін маңызды сәтте өткенін айтып, АҚШ, Украина және еуропалық одақтастармен бірлесіп, соғысты тоқтату мен әділетті бейбітшілікті қамтамасыз ету жолында жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

АҚШ-ТЫҢ АРНАЙЫ ӨКІЛІМЕН КЕЗДЕСУ КҮТІЛУДЕ

Ұлыбритания Қорғаныс министрі АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлогпен де кездесуі мүмкін. Келлог — Лондонға келген АҚШ делегациясының жетекшісі.

ЕУРООДАҚ УКРАИНАНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІН ҚОЛДАЙДЫ

Еуропалық комиссия өкілі Гийом Мерсье Брюссельдің Лондондағы дипломатиялық келіссөздерге қолдау білдіретінін айтып, БҰҰ Жарғысына сай кез келген бейбіт бастаманы құптайтындарын жеткізді. Алайда ЕО бейбіт келісім тек Украинаның және Еуроодақтың қатысуымен ғана мүмкін екенін ескертті. Оның айтуынша, Қырым — Украина аумағы болып қала береді.

ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕГІ КЕЗДЕСУДІҢ БОЛМАУ СЕБЕБІ

АҚШ, Германия, Ұлыбритания және Францияның Сыртқы істер министрлері алдын ала жоспарланған кездесуге қатысудан бас тартты. Ұлыбритания бұл кездесудің белгісіз уақытқа кейінге шегерілгенін хабарлады. Бірақ келіссөздер төмен деңгейде әрі жабық форматта өтті.

АҚШ КЕЛІССӨЗДЕН ШЕТТЕУІ МҮМКІН

Sky News-тің мәліметінше, Лондонға бес мемлекеттен жоғары лауазымды шенеуніктер келуі тиіс. Дегенмен, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио келіссөздерде ілгерілеу болмаған жағдайда Вашингтон келіссөздерден алыстайтынын ескертті. Axios жазуынша, Рубио Лондонға барудан бас тартқан. The New York Times Рубионың Украинаның АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған бірқатар шарттарды қабылдамағандықтан келіссөздерге қатыспайтынын хабарлады.

ТРАМПТЫҢ БЕЙБІТ ЖОСПАРЫ

БАҚ деректеріне сәйкес, Дональд Трамптың бейбіт жоспары Украинаның Қырымды Ресейдің бір бөлігі ретінде тануын және Ресейдің Донецк, Луганск, Запорожье мен Херсон облыстарының көп бөлігін бақылауда ұстауын бейресми мойындауын қарастырады. Алайда Украина президенті Владимир Зеленский бұл ұсынысты қабылдаудан түбегейлі бас тартты.

Серіктес жаңалықтары