Қазақстанда екі ірі күш құрылымын реформалау жоспарланып отыр. Telegram-дағы "Выход к правде" арнасының хабарлауынша, Антикор мен Қаржылық мониторинг агенттігі (АФМ) біріктіріледі. Бұл — биліктің кадрлық және құрылымдық қайта құру болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҢА ҚҰРЫЛЫМДЫ КІМ БАСҚАРАДЫ?
Жаңа құрылымның атауы әлі ресми түрде жарияланған жоқ. Бірақ оны қазіргі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали басқаратыны белгілі.
Асхат Жұмағалидың құқық қорғау және прокуратура саласындағы тәжірибесі мол. Ол 2018 жылдан бері осы салада түрлі лауазымда жұмыс істеді. 2022 жылдың наурызынан бастап агенттік төрағасының орынбасары, 2023 жылдың сәуірінен бастап — төраға қызметін атқарып келеді.
БҰРЫНҒЫ ТӘЖІРИБЕ: ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЭКСКУРСИЯЛАР
2019 жылы Асхат Жұмағали Шымкент қалалық агенттік департаментін басқарды. Сол кезде ол мемлекеттік қызметкерлерге арналған СИЗО мен колонияларға экскурсия енгізіп, қоғамда резонанс тудырған еді. Оның мақсаты – шенеуніктерге парақорлықтың соңы қандай болатынын көзбен көрсету.
– Шен-шекпенге қарамастан, жемқорлық жасағандар міндетті түрде жауапқа тартылуы керек. Егер қылмыс жасалса, оның соңы – түрме, – деген еді Жұмағали.
Сонымен қатар, ол мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық беруге тыйым салу қажет екенін айтып, бұл мәселеге бақылау жүргізілетінін уәде еткен болатын.
ҚМА БАСШЫСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ БЕЛГІСІЗ
2024 жылдың 16 қыркүйегінен бері Қаржылық мониторинг агенттігін басқарып келе жатқан Жанат Елімановтың жаңа құрылымдағы орны әзірге белгісіз.