Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданына қарасты Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округтің әкімі Ләззат Бердібаеваға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бірнеше күн бұрын желіде әкімнің қызғалдақ ұстап түскен суреті тараған. Осыдан кейін полиция гүлдердің Қызыл кітапқа енген түрлерге жататынын тексеретінін хабарлаған еді.
ТЕКСЕРІС НӘТИЖЕСІ
Ләззат Бердібаеваның айтуынша, гүлдерді оның кәмелетке толмаған қыздары жұлып алған, ал ол тек сол гүлмен суретке түсіп, WhatsApp желісіндегі статуста жариялаған. Тексеру нәтижесінде әкімге «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және бағу міндеттерін орындамағаны үшін» әкімшілік хаттама толтырылды.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ
Түркістан облысы, Ордабасы ауданында Қызыл кітапқа енген қызғалдақты терген әйел видеоға түсіп қалған еді. Видео halyqstan телеграм арнасында жарияланды. Видеода әйел адам Қызыл кітаптағы гүлдерді кесіп, көлігіне салып жатқаны көрсетілген. БАҚ мәліметінше, видео осы жексенбіде түсірілген.
ҚАНДАЙ ЖАЗА КҮТІП ТҰР
Қызыл кітапқа енген гүлдерді жұлғандарға
• 3000 АЕК (11 796 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады,
• Немесе қоғамдық/түзету жұмыстарына жіберілуі мүмкін.
Бұл — жай ескерту емес, нақты заңда қарастырылған жауапкершілік.
ҒАЛЫМДАР НЕ ДЕЙДІ
Ғалымдардың айтуынша, табиғи қызғалдақтар пиязшық арқылы емес, негізінен тұқым арқылы көбейеді. Бұл тұқымдар топырақта 4 жылдан 7 жылға дейін жатады, содан кейін ғана өніп, жаңа гүлге айналады. Егер адамдар оларды үнемі жұлып жүре берсе, табиғи қызғалдақтар мүлде жойылып кетуі мүмкін.