Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға жемқорлық қаупін туғызатын бұйрықтың күші қашан жойылатынын сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БАЗАРБЕКТІҢ СҰРАҒЫ
Депутат Бақытжан Базарбек МӘМС заң бойынша не себепті қаржылық есеп жүргізбейтінін сұрады. Оның айтуынша, жымқыру осыдан басталады. Бұл депутаттың сөзінше, Жоғарғы аудиторлық палатаның баяндамасы.
Сіз бұл бағытта министр болып келгелі ештеңе істеген жоқсыз. 2017 жылғы заңға қайшы бұйрықтың күшін жойған жоқсыз. Екіншіден, сіздің алдыңызда – МӘМС-тегі жемқорлық көзі тұр. Бұл 2020 жылғы бұйрық. Ол бұйрық жемқорлық қаупін туғызады. Сіз бұл бұйрықты қабылдаған жоқсыз. Бірақ сіз министр болып келген кезде осы бұйрықты неге өзгертпедіңіз? Бұл министр ретінде сіздің міндетіңіз еді. Осы бұйрықты сенатор ретінде көп сынаған едіңіз. Ондаған ЖШС бар. Олар заң талабын қатты бұзған. Бірде-бір ЖШС неге лицензиясынан айырылмаған? – деп сұрады Базарбек.
ӘЛНАЗАРОВАНЫҢ ЖАУАБЫ
Ақпарал Әлназарова шынында да, депутат көтеріп отырған мәселе жүйелі екенін айтып, ашықтықты “біз де арттырғымыз келеді” деді.
321 бұйрыққа келер болсақ, біз оның күшін жоймаймыз. 1 шілдеге дейін сіз көтерген мәселе бойынша өзгеріс енгіземіз. Бұл кемшіліктерді көріп отырмыз. Тиісті органдарға ол бойынша материалдар жолданады. Сондықтан, бұл тапсырма 321 бұйрыққа сәйкес шешіледі, – деді ол.
МӘМС-тің есеп беруі жөнінде Әлназарова екінші оқылымға дейін мәселе шешілетінін айтады.
Жоғарғы аудиторлық палатаның барлық ұсынымдары бойынша айтарым, тиісті материалдар жолданған. Өз тарапымыздан да Бас прокуратураға, облыстық прокуратураларға жолдағанбыз. Кері байланыс әрдайым бар деп тағы айтпаймыз. Бүгінгі таңда бұл мәселе назарымызда, – дейді ол.
Базарбек өзі атаған ЖШС-ларды министрлік шын жазаламай, “басынан сипап отыр” деп есепдейді.