Талдықорғандағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
5 мамырдағы сот отырысы айыпталушы тарап өкілдерінің наразылығынан басталды. Олар соттан процеске қатысып жатқан журналистерге қатысты шара қолданып, залдан шығаруды сұрады. Олардың сөзінше, куәлер мен айыпталушылардың қарсылығына қарамастан, олардың кейбірін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Судья сотқа қатысушы журналист, мобилографтарға ескерту жасады.
Осыдан кейін куәлердің бірі, Талғар қаласының тұрғыны Сәкен Әкежанов тыңдалды. Ол өзін фото-видеоға түсіруге қарсылық білдірді. Әкежанов оқиға болған күні мылтық дауысын естігенін, бір адамды бір топ адамның соққыға жыққанын көргенін айтты. Бірақ олардың кімдер екенін білмеймін деді.
Айыпталушылардың өкілдері тергеу куәнің тергеу кезіндегі жауабына сілтеп, оқиға болған күні топ адам соққыға жығылған адамның қолындағы затты тартып алып, өзін сол затпен ұрды деді. Адвокаттардың «ол мылтыққа ұқсас зат па?» деген сұрағына «білмеймін, байқаған жоқпын» деп жауап берді.
КУӘГЕРЛЕР
Бұған дейін екінші куәгер Дана Жақсыкелді жауап берген болатын. Сонымен қатар, үшінші куәгер Юлдаш Розыбакиев сотталушы Абзал мен Нұрқиясты ғана танитынын айтты. Ол қалған сотталушыларды танымайтынын жеткізді. Шерзат ісінде тағы бір куәгер Арлан Қазыкенов жауап берді.
Одан бөлек, 28 сәуір күні Талғардағы қанды төбелесте қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесіне бесінші куәгер Самат Абдықадыр келіп, тараптардың сұрағына жауап берді. Самат – сотталушы Дидар Қалиахметовтің бауыры.
Сотта күдіктінің тағы бір бауыры Дәулет Мұратов та келіп, тараптардың сұрағына жауап берді.
Сонымен қатар, Шерзат сотында Қаржаубайға сыра үшін ақша жіберген куәгер Бекнұр Асқарбек жауап берді. Ал Шерзат мерт болған күні келген полицей күдіктінің сыныптасы болып шықты. Одан бөлек, Шерзат өліміне байланысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың жауаптарын оқыды. Нұрқанат тергеу кезінде оқиға орнында болған екі қызға қатысты күтпеген деректер айтты.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Шерзат ісінде кінәсі дәлелденсе сотталушыларға қандай жаза берілуі мүмкін екенін жазған едік. «Шерзат соты» аталған атышулы процесте 9 адам айыпталушы ретінде танылған.
Сот процесі Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтіп жатыр. Судья Ержан Жанұзақов 9 айыпталушыға қандай баптар бойынша айып тағылғанын бұған дейін оқыған болатын. Соның негізінде кім қанша жылға сотталуы мүмкін екенін болжауға болады. Бірақ процестегі әр сотталушының кінәсі әуелі дәлелденуі керек.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.
Өткен аптада Шерзат Полат ісі бойынша сот процесі қалай өткенін мына екі сілтемеден көруге болады.
Автор: Есдәулет Қызырбек