Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі депутат Мұрат Әбеновтің телеграмға қатысты айыптауына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ
Министрлік мәліметінше, халықтың жеке мәліметтерін тарататын Telegram-боттарға талдау жүргізілген.
- Талдау нәтижесінде олардың ескі деректер базаларын, ашық көздерді және GetContact сияқты үшінші тарап сервистерін пайдаланатынын көрсетті. Айта кетейік, GetContact сервисіне Қазақстан аумағынан қолжетімділік шектелген. Себебі бұл платформада еліміздің заңнамасын бұзу деректері анықталған, делінген жауапта.
Бұл ресурстарға сілтемелер уәкілетті органдарға беріліп, тексеру және шара қабылдау үшін тапсырылған. Министрлік мәліметінше, бұған дейін де осындай 30-дан астам Telegram-боттың жұмысы тоқтатылған.
ЕСКЕРТУ
Министрлік азаматтарға ескерту жасады:
мұндай сервистерді пайдаланбауға;
жеке деректерді ашық кеңістікте жарияламауға кеңес береді.
Цифрлық даму министрлігі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қазақстандықтардың жеке деректерін қорғау және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.
ДЕПУТАТ НЕ ДЕГЕН ЕДІ
Бұған дейін мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Telegram мессенджерінде Қазақстан азаматтарының жеке деректерін мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алып, ашық тарататын бот пайда болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл бот азаматтардың ЖСН-і, мекенжайы, телефон нөмірі және отбасы мүшелері туралы мәліметтерді еш кедергісіз береді.