Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринге Конституцияны түсіндіру және дәріптеу жұмысына қатысты нақты тапсырма берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Конституция әр азаматтың қолында болуы керек
Президенттің айтуынша, 1 шілдеде заңды күшіне енген жаңа Конституция еліміздің ұлттық идеологиясына қатысты бұрынғы пікірталастарға нүкте қойды.
– Конституцияда еліміздің өткені, бүгіні және келешектегі бейнесі айқын көрініс тапты. Конституция преамбуласында байырғы қазақ жерінде мемлекеттілігімізді нығайтып, Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтауға баса мән беретініміз нақты жазылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң мен тәртіпті орнықтыру, бірлік пен ынтымақты сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен ғылымды және инновацияны дамыту мемлекеттің негізгі міндеттері ретінде бекітілгенін атап өтті.
Президент Конституция әр азаматтың күнделікті өмірінде қолданылатын құжатқа айналуы керек деп санайды.
– Сол себепті мен Конституция әр адамның қолында жүретін, жұмыс үстелінде тұратын, жеке кітапханасынан орын алатын құжат болуға тиіс деп есептеймін, – деді ол.
Конституцияны түсіндіру – мемлекеттік маңызы бар міндет
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның мазмұнын халыққа түсіндіру және оның қағидаттарын дәріптеу жұмысына үстірт қарауға болмайтынын айтты.
– Халық арасында Конституцияны түсіндіру, дәріптеу ісі бұл – өте жауапты жұмыс, оған үстірт қарауға болмайды. Осы саяси жұмысқа ілімі терең, тәжірибесі мол адамдарды шақыру керек, яғни заңгерлер, ғалымдар, мұғалімдер, еріктілер, кәсіпкерлер, ардагерлер мен мемлекет қайраткерлерін тарту керек болады, – деді президент.
Оның айтуынша, бұл жұмыста формализм мен науқаншылдыққа жол бермеу қажет.
– Бірақ формализм мен науқаншылдықтан алшақ болғанымыз жөн, әйтпесе, осы аса маңызды жұмысты құртып, халқымыздың алдында ұятқа қаламыз, – деді Тоқаев.
Қарин әр екі апта сайын президентке есеп береді
Мемлекет басшысы Конституцияны түсіндіру және дәріптеу жұмысының кешенді әрі жүйелі тәсілін әзірлеуді Президент әкімшілігіне тапсырды.
– Ал Президент әкімшілігінің міндеті – бұл жұмыстың кешенді және жүйелі тұғырын қалыптастыру. Аталған міндетті жүзеге асыруды вице-президент Ерлан Тынымбайұлы Қаринге тапсырамын. Жұмыстың барысы туралы екі аптада бір рет Президентке тіке баяндайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Ерлан Қарин вице-президент қызметіне тағайындалғаннан кейін оған бірқатар алғашқы тапсырма берілген болатын. Атап айтқанда, оған мемлекеттік саясаттың негізгі мәселелері бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Мемлекет басшысының ұстанымын таныстыру міндеті жүктелген.