Пәкістан сенбіге қараған түні Үндістанға қарсы әскери операцияның басталғанын жариялады. Пәкістан тарапының мәліметінше, шабуылға бірнеше нысан, соның ішінде Үндістанның солтүстігіндегі зымыран қоймасы ұшыраған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Бұл шиеленіс кейінгі отыз жылдағы ең ауқымды жағдай ретінде бағаланып отыр. Пәкістанның хабарлауынша, бұған дейін Үндістан үш пәкістандық әуе базасына, соның ішінде Исламабад маңындағы нысанға зымыранмен соққы жасаған. Алайда зымырандардың көпшілігі елдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі арқылы сәтті тосып алынған.
РЕАКЦИЯ
Үндістанның қорғаныс және сыртқы істер министрліктері әзірше ресми пікір білдірген жоқ. Жақын уақытта үнді әскери өкілдері мәлімдеме жасайды.
Пәкістан бұл операцияға Bunyanun Marsoos, яғни "берік әрі біртұтас құрылым" деген атау берген. Пәкістан ақпарат министрінің айтуынша, операция кезінде азаматтық нысандарға шабуыл жасамауға ерекше көңіл бөлінген.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Үндістанның Сринагар және Джамму қалаларында жарылыстар болып, дабыл сиреналары қосылған. Үндістан құрамындағы Кашмир аймағының басшысы Омар Абдулла Раджури ауданында, бақылау сызығы маңында, жергілікті шенеуніктің атқылау салдарынан қаза тапқанын растады.
Еске салайық, бұған дейін Ulysmedia порталы Үндістан мен Пәкістан қақтығысы Қазақстанға қалай әсер ететіні туралы материал жазған еді.