Мемлекет басшысы қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚОРДА ТАРАТҚАН АҚПАРАТ
Президент – Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізген. Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшысы Қарулы Күштер жоғары қолбасшылығының алдында тұрған басым міндеттерді атаған.
Ведомство жетекшілігіне басқару және әскери органдар құрылымын жетілдіру, әскери қызмет институтының резервін қалыптастыру, Арнайы операциялар мен аумақтық қорғаныс күштерін дамыту шараларын жүзеге асыру жүктелді. Сондай-ақ Қарулы Күштерді цифрландыру және оның жұмысында жасанды интеллектіні пайдалану тапсырылды, – делінген хабарламада.
Жиын барысында әскери борышты өтеуге жайлы жағдай жасаумен қатар әскери қызметшілердің кәсіби құзіретін жетілдіруге, оларға қойылатын талаптарды арттыруға мән беру қажет екені айтылды. Президент сарбаздың өмірі мен денсаулығын сақтауға барлық деңгейдегі қолбасшылықтың жауапты екенін жеткізген.
ҚЫЗМЕТТЕН КЕТКЕН ЖАҚСЫЛЫҚОВ
Қорғаныс министрінің отставкасын ең жұмбақ кадрлық шешімнің бірі деуге болады. Руслан Жақсылықов армияны басқарған үш жыл ішінде көптеген оқиғаның болғаны рас, солардың кейбірі бәлкім, оның қызметінен кетуіне тікелей себеп болған сыңайлы. Ulysmedia.kz бұл мақалада Жақсылықовтың отставка кетуінің шынайы себебі неде болуы мүмкін екенін зерттеп көрген еді.
ЖАҢА МИНИСТР
Қорғаныс министрі қызметіне Дәурен Қосановты қорғаныс министрі етіп тағайындалды.
Дәурен Қосанов 1969 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. 1990 жылы Армавир жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесін аяқтаған. Содан кейін әскери-әуе академиясына оқуға түскен. 2005 жылы Ю.А.Гагарин атындағы әскери-әуе академиясын, 2013 жылы Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын тәмамдаған.
Қызметін Үшарал жауынгерлік полкінен бастаған. Содан кейін Талдықорғандағы «Су-27» эскадрильясының командирі, Қарағанды авиабазасы штабының бастығы, Шымкент авиабазасының командирі болған.
Ал 2013 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды.
2019 жылы бұл қызметінен босатылып, Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының бастығы болды.
2022 жылдың қазанында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас штабы бастығының бірінші орынбасары, ал екі айдан соң, Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалған.
2024 жылы оған авиация генерал-лейтенанты атағы берілген.
2024 жылғы 28 қыркүйекте Мемлекет басшысының өкімі бойынша Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары – Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды.