АҚШ президенті Дональд Трамп Әділет министрлігін «Эпштейн файлдарын» жариялауға міндеттейтін заңға қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Құпия құжаттар
Ұзақ даудан кейін Дональд Трамп Эпштейн құжаттарын жариялауды міндеттейтін құжатқа қол қойды. Бір күн бұрын АҚШ Конгресі Эпштейнге қатысты құжаттарды құпиясыздандыру туралы заң жобасын мақұлдаған. Заң жобасын 427 конгрессмен қолдаған. Тек бір ғана республикашыл конгрессмен қарсы дауыс берген.
«Жаңа ғана Эпштейн құжаттарын жариялау туралы заң жобасына қол қойдым. Демократтардың Джеффри Эпштейнмен байланысы туралы шындық ашылатын болды», – деп жазды Трамп өзіне тиесілі Truth Social әлеуметтік желісіне.
АҚШ азаматтарының басым көпшілігі Эпштейн ісіне қатысты құжаттардың жариялануын қолдайды. Сайлау кампаниясы кезінде Дональд Трамп оларды жариялауға уәде берген, алайда қаңтарда екінші рет президенттікке кіріскеннен кейін ол тек аз ғана әрі ақпаратсыз құжаттарды жариялауға рұқсат етті. Сыншылар Трампты өзіне қатысты болуы мүмкін ақпаратты жасыруға тырысып жатыр деп айыптайды.
Өкілдер палатасының бақылау комитетінің мүшелері 2 қыркүйекте Эпштейн ісіне қатысты жаңа материалдарды жариялады. Олар қаржыгердің мұрагерлерінен алынған. Бұл құжаттарда жазылған деректерге қарап, Трамп марқұмның қылмыстық әрекеттері туралы хабардар болған болуы мүмкін деген болжамдар айтылған.
Қаржыгер Джеффри Эпштейн 2008 жылы жыныстық қылмыстарға қатысы бар деп айыпталып, ұсталған. 2019 жылы түрмеде өз-өзіне қол жұмсаған.
Эпштейн ісін тергеу барысында 300 гигабайт мәлімет пен заттай айғақ жиналған. Онда жыныстық қылмыс құрбандарының суреттері мен видеолары бар. АҚШ Әділет министрлігі олардың бірқатарын биыл жариялаған, бірақ ең даулы мәліметтер әлі жарыққа шыққан жоқ.
Қазірдің өзінде атышулы кәсіпкерге байланысы болғаны үшін ғана бірнеше саясаткер мен кәсіпкер қоғам сынына ұшырап үлгерді. Олардың арасында Ұлыбритания королі Карлдың інісі Эндрюд ханзада да бар. Жақында ол сарайдан қуылып, атақтарынан айырылған.
Эпштейн және Қазақстан
Құпия құжаттарда Қазақстан туралы да мәліметтер бар. Бірақ оларды қылмыстық әрекеттерге жатқызу қиын.
Мәселен, 2024 жылы Эпштейннің паспортына қатысты құжаттар жарияланған. Онда қаржыгер Қазақстанға да сапарлап барғысы келетінін айтқан. Мәліметті былтыр ABC News жариялады.
2025 жылы АҚШ Конгресі өкілдер палатасының бақылау жөніндегі комитеті 20 мыңнан астам құжат жариялаған. Онда Эпштейн лоббистер арқылы конгресмен Даррелл Иссаға ықпал етуге тырысқаны айтылады. Исса 2008 жылы Қазақстанның экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынғандардың бірі.