Соңғы уақытта Таяу Шығыста орын алып жатқан оқиғалар геосаяси ахуалдың ушығуы адамдардың әлемде еркін қозғалуына қалай әсер ететін тағы да бір рет көрсетті. Әуе кеңістігінің жабылуы, рейстердің тоқтауы және ұшып-қону жағдайының бұлыңғырлығы бірден мыңдаған саяхатшы үшін қиындық тудырады. Мұндай сәттерде мемлекеттің шетелдегі азаматтарын жедел арада қорғай алуы аса маңызды. Бүгінде Қазақстанның осындай ситуацияларда жедел әрі тиімді әрекет етіп, шетелдегі туристерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатынын көріп отырмыз.
2016 жылға дейін жекелеген туроператорлардың жауапсыздығы салдарынан қазақстандық туристердің шетелде қонақүйсіз, елге кері қайтатын билетсіз қалып қоятын сәттері аз болған жоқ. 2010-2015 жылдары мұндай күрделі жағдайлардың саны 450-ден 7400-ге, яғни 16 есеге артқан. Бұл жеке туристерге кері әсер етіп қана қоймай, шетелдік туризмге деген сенімге кері әсерін тигізді. Сондықтан, мемлекет тарапынан жүйелі шешімдер ұсынылып, өзгерістер орын ала бастаған еді. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен қазақстандық туристердің құқықтарын қорғауға арналған кепілдік беру жүйесі құрылды. Оның барлық жұмысы «Туристік Қамқор» қорына жүктелді. Бұл Орталық Азияда бұрын соңды болмаған бірегей модель екенін айта кеткен жөн.
Жүйе енгізілгелі қазақстандық туристердің туроператорлардың жауапсыздығынан шетелде қалып қоюы іс жүзінде жойылды. Бүгінде бұл механизм туроператорлар банкрот болғанда ғана емес, төтенше жағдайлар мен қандай да бір шиеленістер орын алған кезде де азаматтардың елге оралуына кепілдік береді. Еуропа елдерінде қолданылатын тәжірибеге ұқсас жүйеміз осы уақытқа дейін өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді. Нақтырақ айтар болсақ, "Туристік қамқор" қоры жүйе іске қосылғалы 18 мыңға жуық қазақстандықтың елге оралуына көмектесті. Оның ішінде туризм саласы үшін үлкен соққы болған пандемия кезеңі де бар. Ал Таяу Шығыстағы соңғы оқиғалар бұл жүйенің тиімділігін тағы да бір дәлелдеді.
Шиеленіс аймақтарындағы әуе кеңістігі уақытша жабылғаннан кейін қазақстандық туристер де басқа елдердің саяхатшылары секілді өз еліне қайтатын рейстерді күтуге мәжбүр болды. Осы кезеңде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, соның ішінде Сыртқы істер министрлігі мен Туризм және спорт министрлігі жедел әрекет етіп, азаматтарға қажетті қолдау көрсетті. Ал «Туристік Қамқор» жүйесі Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Сауд Арабиясы аумағында болған 4 мыңнан астам қазақстандықты қонақүймен, тамақпен қамтамасыз етіп, ұшатын қалаларына жеткізіп отырды.
- Жүйе төтенше жағдайда азаматтарды тікелей эвакуациялауға қатыспаса да, мемлекеттік органдарға мүмкіндігінше қолдау көрсетуге тырысады. Таяу Шығыстағы жағдайда да солай әрекет еттік. Формалды түрде форс-мажорлар билетті қайтару ережелерінде қарастырылмаған. Алайда шетелдегі азаматтарымыздың жағдайын ескере отырып, кері оралатын рейске дейін шетелде тұру шығындарын өтеу туралы шешім қабылданды, - дейді «Туристік Қамқор» қорының директоры және кепілдік беру жүйесінің негізін қалаушылардың бірі Асылхан Есілов.
Оның айтуынша, мұндай жағдайлар туристерді қорғауға арналған жүйенің қаншалықты маңызды екенін тағы бір айқындай түседі.
- Соңғы жылдары Қазақстандағы шетел туризмі біршама өзгерді. Сала біртіндеп жоғары тәуекел аймағынан шығып, мемлекет пен нарық арасындағы жауапкершілік нақты белгіленген, басқарылатын жүйеге айналды. Бүгінде жүйеге жауапты ретінде «Туристік Қамқор» қоры тек өз міндетін орындап қана қоймай, барлық мүдделі тараптардың басын қосатын алаңға айналып отыр. Өз кезегінде бұл шетел туризмінің тұрақты моделін қалыптастыруға оң ықпал етуде, - дейді Асылхан Есілов.
Қазақстандық модельдің ерекшелігі - оның саланың ортақ жауапкершілігі қағидатына негізделуінде. Жүйені қаржыландыруды нарықтың өзі қамтамасыз етеді: 13 туроператор-жалдаушы, тұрақты рейстермен жұмыс істейтін 45 туроператор және еліміз бойынша шамамен 1000 серіктес турагенттік.
Азаматтармен жедел байланыс орнату үшін тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі және TURKOD мобильді қосымшасы іске қосылған. Қосымша арқылы туристер өз сапарының кепілдік беру жүйесіне кіретін-кiрмейтінін тексере алады, әлемнің кез келген жерінен эвакуацияға өтініш бере алады, сенімді турагенттіктер туралы ақпарат алып, көрсетілген қызметтердің сапасына қатысты пікір қалдыра алады.
Әлемде орын алып жатқан соңғы оқиғалар туристерді қорғау инфрақұрылымының азаматтардың қауіпсіздігі үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетуде. Ал Қазақстанның тәжірибесі мұндай жүйенің жаһандағы тұрақсыздық кезеңінде де тиімді жұмыс істей алатынын дәлелдеп отыр. Ең бастысы, азаматтарымыз қандай оқиға орын алса да елге аман-есен оралатынына кепілдік беретін жүйенің бар екенін түсінді.