×
474.9
555.3
6.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
474.9
555.3
6.24

Миллиардтарды жымқырған Мәсімовтың экс-күйеубаласының үстінен тергеу жүріп жатыр

Бүгін, 16:15
Миллиардтарды жымқырған Мәсімовтың экс-күйеубаласының үстінен тергеу жүріп жатыр
ulysmedia.kz коллажы

Қаржылық мониторинг агенттігі ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтың бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапеновтің үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmediа.

ТЕРГЕУ

Қаржылық мониторинг агенттігі таратқан ақпаратқа қарағанда, «ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Азамат Қапеновтың үстінен «қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану» және «қаржы жымқыру» фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

«Тергеу амалдарына сай, А.А. Қапенов қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жүк вагондарын басқару қызметтерін көрсету кезінде байланысы бар компанияларға заңсыз артықшылықтар жасаған. Салдарынан «ҚазТемірТранс» АҚ-ға 5,2 млрд теңгеден астам мөлшерде залал келтірілген», – делінген агенттік таратқан хабарламада.

Қазір Қапеновке халықаралық іздеуге жарияланған. Сотпен оған қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған. Сонымен қатар, келтірілген залалды өтеу және заңсыз алынған активтерді қайтару мақсатында Бас көлік прокуратурасы «Достық» станциясындағы терминалды сотқа дейін тәркілеу туралы өтініш жолдаған. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының қаулысымен аталған мүлік мемлекет кірісіне өткізілген.

КОНТЕКСТ

Азамат Қапенов ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтың үлкен қызына үйленген. Оған 2024 жылы халықаралық іздеу жарияланған. Сол уақытта оның Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктерінде жасырынып жүргені туралы ақпарат тараған. Қазір оның Дубайда тұратыны айтылады.

«ҚазТемірТранс» АҚ-ға қатысты «тарифті негізсіз көтергені үшін» бас прокуратура 2014 жылы тексеріс бастаған. Бірақ тексеріс сол уақытта тоқтатылған.

Серіктес жаңалықтары