×
474.08
558.28
6.26
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
474.08
558.28
6.26

Өрттен кейінгі өмір: «Көркем 3» тұрғын үй кешенінде 400-дей пәтер бар

Бүгін, 17:05
Өрттен кейінгі өмір: «Көркем 3» тұрғын үй кешенінде 400-дей пәтер бар
коллаж Ulysmedia

«Көркем 3» тұрғын үй кешеніндегі үш баланың өмірін жалмаған өрт бір отбасының тағдырында өшпес із қалдырды. Сонымен қатар, бұл жағдай Астанадағы көпқабатты тұрғын үйлерге тән бірқатар мәселенің бетін ашты. Тұрғын үй кешеніндегі тіршілікті Ulysmedia.kz тілшісі зерттеп көрді.

ҚАСІРЕТ ІЗІ

Тұрғын үй кешені Түркістан көшесі 14а мекен-жайында орналасқан. Арада төрт күн өтсе де, үш баланың өмірін қиған өрттің ізі әлі де анық көрінеді. Ғимараттың қабырғасындағы күйе дағы сол қорқынышты түнді еске салғандай. 

Біздің 16-қабат өрттің негізгі соққысын қабылдады. Қазір пәтерлерде күйік иісі қатты шығады, клининг шақырдық, бәрін тазалап жууға тура келеді, – дейді үй тұрғыны Айcұлу.

Тұрғындар өз шаруасымен асығыс жүріп, болған оқиға туралы көп сөйлегісі келмеді. Журналистерді көрген бір ер адам алдымен аккредитация бар-жоғын сұрады. Кейін бөгде адамдар подъезге кіріп, артық видео түсіріп жүрмесін дегендей, сырттай бақылап тұрды.

Мұндай сақтықтың себебін сұрағанымызда “Адамдар жиі келіп, өзгенің қайғысын хайпқа айналдырғысы келетінін”,– айтты.

Адамдардың мұндай реакциясын түсінуге болады. Бір отбасының басына ауыр қайғы түсті – балалар қаза тапты, ал олардың анасы әлі күнге дейін ауруханада ауыр хәлде жатыр. Әкесі туралы көршілер көп мәлімет білмейді. Тек өрт болған түні оның да жағдайы нашарлап, оқиға орнында дәрігерлер алғашқы көмек көрсеткенін айтты.

Тұрғындар, дүкен қызметкерлері, тіпті осы үйде орналасқан қонақүй қонақтары да өрттен зардап шеккен отбасыға көңіл айтып жатыр. Алайда бұл тұрғын үй кешенінде өмір сүру жайын сұрағанда, бәрі шамалас жауап береді.

Үй жақсы, терезеден көрініс әдемі, ботаникалық баққа қарайды. Бірақ өзіңіз білесіз, құмырсқа илеуіндей қабат-қабат салынған үйлер көп. Бәріміз бір-біріміздің үстімізде отырғандаймыз, – дейді жолай кездескен егде жастағы әйел.

Подъезде кездескен бір топ мектеп оқушылары 12 сәуірге қараған түні барлық тұрғындарды өрт сөндірушілер эвакуациялаған кезде қатты қорыққандарын айтты. Өздерін түсірмеуді өтінді.

Үй туралы қатты жаман жазбаңыздаршы. Жалпы жаман емес, адамдар жақсы, бір-біріне көмектеседі, – дейді жоғары сынып оқушыларының бірі.

«ТҮРМЕНІҢ ТЕРЕЗЕЛЕРІНДЕЙ»

Бұл тұрғын үй кешені туралы 2GIS-тегі пікірлер расында да екіұшты. Ең көп мақталатыны – терезеден көрінетін көрініс. Тұран 14 мекенжайындағы блоктан қарағанда, расымен де көз тартады: Ботаникалық бақтың әсемдігі мен Астанаға тән алқызыл күн батыс.

Алайда бұл көркемдікті тар әрі оғаш орналасқан терезелер бұзады.

Балалар мен бойы аласа адамдар терезеден қарай алмайды, аралық қабырғалардың дыбыс оқшаулауы сіріңке қорабындай ғана, кәріз жүйесі шу шығарады. Ақылы лифт – осының үстіне қосылған «сый» сияқты, – деп жазады пікір қалдырушылардың бірі.

Тағы бірқатар пікірлерде пәтерлер тар екені, «терезелері түрмедегідей кішкентай» екені айтылады. Дыбыс оқшаулауының нашарлығы да жиі сынға алынады. Тұрмыстық мәселелер де бар: мыңдаған тұрғынға небәрі бірнеше қоқыс алаңы ғана қарастырылғандықтан, қоқыс жиі толып кетеді.

Ал үйдің өзі күрделі әрі шатасқан құрылым ретінде сипатталады: «нағыз лабиринт, кіріп-шығудың өзін бірден түсіну қиын».

Сонымен қатар, бұған қарама-қарсы пікірлер де бар. Кейбір тұрғындар бұл кешенді әдемі деп атап, көршілердің мейірімді екенін, төбелерінің биік екенін және Ботаникалық бақтың жанында орналасқанын тиімді артықшылық ретінде көрсетеді.

Ерекше назар аударарлығы – өрт дабылына қатысты пікірлер. 2GIS платформасында бұл тақырыпта пікірлер бір тұрғын үй кешені үшін тым көп. Пікірлерге қарағанда, үйдегі сигнализация кейде нақты себеппен де, кейде ешбір анық себепсіз де іске қосылып отырған.

Тұрғындардың айтуынша, соңғы жарты жылда өздігінен қосылатын сиреналар болмаған. Олар дабыл кейде пәтерде біреу темекі тартқанда немесе пеште тағам күйіп кеткенде іске қосылған болуы мүмкін деп болжайды. Алайда өрт туралы ескерту жүйесін біреу тексеріп, күрделі жөндеуден өткізгенін ешкім есіне түсіре алмайды. Ал өрт болған түні сирена қосылды ма, жоқ па – оны нақты ешкім айта алмайды: жағдай тым жылдам әрі шиеленісті өрбіген.

Мұнда габитуация әсері де болуы мүмкін – яғни адамдардың дабыл сигналдарына үйреніп кетуі, немесе «қасқыр» эффектіcі. Ертегідегідей, бала бірнеше рет «Қасқыр!» деп бекер айқайлаған соң, жұрт оған сенбей қояды. Ал шын қауіп төнгенде, ешкім назар аудармайды. Демек, өрт дабылы жүйесі жөнделді деуге де, немесе жай ғана өшіріліп тасталды деуге де бірдей негіз бар.

АУЛА ЕМЕС, АВТОТҰРАҚ

Астанадағы «Көркем 3» тұрғын үй кешені «комфорт» класына жатады. Мұндай үйлер үшін міндетті саналатын паркинг бар – көліктер тұраққа емін-еркін кіріп-шығып жатыр. Көптеген «құмырсқа илеуіне» ұқсас үйлердегідей, бұл паркинг автожуу немесе техникалық қызмет көрсету орнына айналмаған.

Дегенмен «комфорт» класында «бизнес» немесе «элит» санатындағы үйлерге қарағанда, жобадағы тұрақ орындары пәтер санынан аз. Себебі тұрғындардың шамамен 20-30 пайызы автокөліксіз өмір сүреді деп есептеледі.

Алайда «Көркем 3» тұрғын үй кешені 21 қабаттан тұрады. Krisha.kz сайтындағы «нысан паспортына» сәйкес, Тұран 14 және 14а мекенжайларындағы үйлерде жалпы 760 пәтер бар. Тіпті әр үш отбасының екеуінде ғана көлік бар деп есептесек те, бұл 500-ден астам автокөлік деген сөз. Демек, жерасты паркингінде бәріне бірдей орын жетпейді.

Оған қоса, үйдің бірінші қабатында орналасқан екі оқу орнының – өнер мектебі мен колледждің көліктері, сондай-ақ ғимараттың бір бөлігіндегі қонақүй мен көптеген дүкендердің көліктері бар. Бұған қонаққа келгендер мен көрші үйлердің ауласынан орын таппаған жүргізушілердің көліктерін қосыңыз.

Осының бәрі тұрғын үй кешенінің айналасындағы аумақты еріксіз түрде әртүрлі марка мен модельдегі көліктерге толы, ретсіз үлкен автотұраққа айналдырады.

Кешкісін және түнде мұнда ине шаншар жер жоқ. Тіпті осы көлік кептелісінен шығып кетудің өзі «жұлдызшамен» берілетін геометриялық есеп сияқты. Ал өрт сөндіру көлігі немесе жедел жәрдем реанимобилі сияқты арнайы техниканың өтуі туралы айтудың өзі қиын.

Тұрғындардың айтуынша, қайғылы оқиғадан және өрт сөндірушілердің жолын бөгеп қалған көлік жағдайынан кейін құрылыс салушының басқарушы компаниясы аумаққа бөгде көліктер кірмеуі үшін жаңа шлагбаумдар орнатуға уәде берген. Алайда көліктердің қазіргі тығыздығына қарап, шлагбаум мәселені шешеді деу қиын. Тұраққа орын таппаған жүргізушілер бәрібір айналаға, шлагбаумның алдына көліктерін қойып, жаңа кедергілер тудырады.

КОНТЕКСТ

«Көркем 3» тұрғын үй кешенінің 15-қабатындағы пәтерде өрт 12 сәуірге қараған түні болды. Анасы мен үш бала жанып жатқан пәтерде қамалып қалған. Көршісі қабырғаның арғы жағынан шыққан  дыбысты естіп, өрт сөндірушілерді шақырған.

Пәтерден құтқарушылар үш баланың мәйітін тапты: үлкені 15 жаста, қарындасы 8 жаста, ал ең кішкентай інісі небәрі 2 жаста болған. Өртті сөндіру кезінде әйел пәтерден шығарылып, ауыр күйікпен ауруханаға жеткізілді.

Жоғарғы қабаттардан өрт сөндірушілер шамамен 20 адамды эвакуациялады, тағы 40-қа жуық тұрғын өз бетімен шыққан.

Полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта тергеушілер өрттің шығу себептерін анықтап жатыр.

Серіктес жаңалықтары