×
469.52
553.75
6.15
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
469.52
553.75
6.15

«Улы иіс пен дірілден шаршадық»: Атырау зауыты маңындағы тұрғындар шу шығарды

«Улы иіс пен дірілден шаршадық»: Атырау зауыты маңындағы тұрғындар шу шығарды
Фото: видеодан скриншот

Атырау мұнай өңдеу зауытының іргесінде тұратын тұрғындар өндірістен тарайтын жағымсыз иіс пен жиі естілетін тарс-гүрс дыбыстарға шағымданып, көшіруді талап етті., деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖҰРТШЫЛЫҚТЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

Тұрғындардың айтуынша, зауыттан тарайтын иіс салдарынан терезе ашу мүмкін емес, ал соңғы уақытта өндірістен шыққан қатты дыбыстар жердің дірілдеуіне дейін әкелген.

2017 жылы бұл аумақта «қызыл аймаққа» кірген жүздеген үй сүріліп, тұрғындар көшірілген. Алайда сол кезде шамамен 30-ға жуық отбасы үйлерінде қалып қойған.

Кәсіпорынның кесірінен ауру болдық. Көшіріңіздер деп қанша айтсақ та, ешкім тыңдамайды, – дейді тұрғын Хадиша Сейтенова КТК телеарнасына.

Тағы бір тұрғын Мәрия Аманжолованың айтуынша, бірнеше жылдан бері жергілікті билікке арыз түсіргенімен, нәтиже жоқ.

2017 жылы үйлер сүрілді, көпшілік көшті. Біз қалып қойдық. Содан бері қанша рет шағымдансақ та, жауап жоқ, – деді ол.

ЗАУЫТ БАСШЫЛЫҒЫ НЕ ДЕЙДІ?

Зауыт өкілдері санитарлық аймақта бір жыл бойы ғылыми зерттеу жүргізілгенін мәлімдеді. Нәтижесінде арнайы жоба әзірленіп, қазір ол сараптамаға жіберілген.

Зерттеу республикалық ғылыми орталық тарапынан жүргізілді. Қорытынды дайындалып, сараптамаға жіберілді. Қорытынды шыққаннан кейін жергілікті атқарушы орган шешім қабылдайды, – деді Атырау мұнай және газ өңдеу зауытының қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Абзал Теміров.

Мамандардың айтуынша, санитарлық қорғау аймағындағы ауаның сапасы зерттеліп, «қызыл аймақтың» шекарасы өзгеруі мүмкін. Егер тұрғындардың денсаулығына өндірістен қауіп бар екені дәлелденсе, оларды көшіру мәселесін жергілікті әкімдік шешеді.

Қорытынды сараптама нәтижесі алдағы екі ай ішінде жарияланбақ. Осы уақытқа дейін тұрғындар күтуге мәжбүр.

Серіктес жаңалықтары