×
464.73
546.57
6.19
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
464.73
546.57
6.19

АЭС-тен кейін елде электр бағасы қанша болады?

Бүгін, 12:32
АЭС-тен кейін елде электр бағасы қанша болады?
Фото: ЖИ

Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясында өндірілетін электр энергиясының нақты құны ресми түрде жарияланған жоқ. Алайда сала сарапшылары болжамдар жасай бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АЛДЫН АЛА ЕСЕП

Энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі Олжас Байділдинов өзінің Telegram-арнасында болашақ АЭС-тен өндірілетін бір киловатт-сағат электр энергиясының қанша тұруы мүмкін екенін айтты. Бұл әзірге тек алдын ала есеп. Сарапшы бұрын Атом энергетикасы агенттігінің басшысы Алмасадам Сатқалиев айтқан деректерге негізделген. Оның мәліметінше, Ресей несиесі есебінен атом электр станциясын салу шамамен 15 млрд долларды құрайды.

Олжас Байділдинов несиенің пайыздық мөлшерлемесі де, қайтару шарттары да әзірге белгісіз екенін атап өтті. Алайда құрылыс құнының 85%-ы – 12,75 млрд доллар және 20 жылға 10% мөлшерлемемен есептесек, жылдық төлем шамамен 1,47 млрд доллар болады. Мұндай жағдайда Қазақстан несие бойынша 16,8 млрд доллар артық төлейді.

Ал Ресейдегі қазіргі экономикалық жағдайды (РФ Орталық банкінің базалық мөлшерлемесі – 15%) ескерсек, неғұрлым шынайы нұсқа – орташа 14% мөлшерлеме. Бұл жағдайда 20 жылда артық төлем 25,3 млрд долларға жетеді.

Бұл – тек теориялық есептер, бірақ электр энергиясының шамамен құнын болжауға мүмкіндік береді.

– Екі энергоблоктан тұратын АЭС жылына 16-18 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіре алады. Демек, бір киловатт-сағаттың өзіндік құны кемінде 9-12 цент немесе (доллар бағамы 500 теңге болғанда) 45-60 теңге болады, – дейді Олжас Байділдинов.

ҚЫМБАТ,БІРАҚ ТҰРАҚТЫ ЭНЕРГИЯ

Операциялық шығындар мен электр энергиясын жеткізу шығындарын қоса есептегенде, сарапшы тұтынушылар үшін тариф 12-18 цент немесе 60-90 теңге/кВт·сағ болуы мүмкін деп болжайды. Яғни атом энергетикасы қазақстандықтарға арзанға түспейді.

Елде екі АЭС салынған жағдайда, электр энергиясының бағасы екі еседен астам өсуі ықтимал.

– Атом энергиясы – арзан энергия туралы емес, ондаған жылдарға арналған тұрақты базалық генерация туралы. Оның үстіне бізде таңдау аз. Газ жеткіліксіз, заманауи көмір станцияларының құны атоммен шамалас. Ал жаңартылатын энергия көздері базалық генерация бола алмайды әрі бәрібір газға тәуелді маневрлік қуаттарды қажет етеді, – деп атап өтті Олжас Байділдинов.

Қазіргі уақытта атом энергиясының нақты құны бойынша ресми бағалар жарияланған жоқ. Бұған дейін Алмасадам Сатқалиев Қазақстанда болашақта үш емес, төрт атом электр станциясы салынуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Серіктес жаңалықтары