×
$
452.12
€
508.95
₽
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
452.12
€
508.95
₽
5.41

«Батыстың Қазақстанға берері жоқ»: сарапшы сирек кездесетін металдар мәселесін көтерді

Бүгін, 15:12
«Батыстың Қазақстанға берері жоқ»: сарапшы сирек кездесетін металдар мәселесін көтерді
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан сирек кездесетін металдарға қатысты Батыс елдерімен жиі келісім жасасқанымен, бұл ынтымақтастық әзірге айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Жер қойнауын пайдалану саласының сарапшысы Тимур Одилов мұндай пікір білдірді. Оның айтуынша, елімізге жаңа меморандумдардан гөрі өз технологияларын дамытуға қаржы қажет, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Неліктен келісімдер нәтиже бермей отыр?

Одиловтың айтуынша, аса маңызды минералдар мәселесі халықаралық бизнес форумдардың барлығында көтеріледі. Алайда қол қойылған құжаттар іс жүзінде айтарлықтай өзгеріс әкелмей отыр.

– Мұның бәрі – құр қағаз. Ештеңе алға жылжып жатқан жоқ. Неге? Өйткені Батыстың Қазақстанға берері жоқ. Сирек кездесетін металдарды бөліп алу мен тазартудың арзан технологиялары да, осы саладағы тәжірибесі мен білімі де жеткіліксіз. Арнайы жабдықтар мен химиялық реагенттерге қатысты да жағдай осындай, – деді сарапшы.

Оның сөзінше, әлемдегі сирек кездесетін металдарды өңдеу қуатының 10 пайыздан аспайтын бөлігі ғана Батыс елдеріне тиесілі. Оның үстіне мұндай кәсіпорындар аз, ал қолданылатын технологиялар қымбат.

Сондықтан Одилов Қазақстан ең алдымен ұзақ мерзімге әрі тиімді шарттармен берілетін қаржы тартуға көңіл бөлуі керек деп есептейді. Бұл қаражатты отандық технологияларды әзірлеуге жұмсауға болады.

Оның айтуынша, елімізде бұған қажетті ғылыми және өндірістік негіз бар. Дегенмен оның едәуір бөлігі кеңестік кезеңнен қалған.

– Бізге олардан керегі – тек қаржы. Оның өзі арзан әрі ұзақ мерзімге берілетін болуы керек. Сол ақшаны өз технологияларымызды әзірлеуге саламыз, – деді ол.

Сарапшы зерттеу жұмыстарын жеделдету үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін де пайдалануды ұсынады.

– Осыны түсінбейінше, құр қағаз жинаумен жүре береміз. Ынтымақтастықтың нақты бағыттарына назар аударып, бос сөзді доғаруымыз керек. Әйтпесе, уақытымызды құр жоғалтамыз, – деп ескертті сарапшы.

Сарапшы нені өзгертуді ұсынып отыр?

Одилов сирек кездесетін металдарға қатысты барлық кәсіпорындар мен өндірістік қондырғыларды, меншік түріне қарамастан, мемлекеттің ерекше бақылауына алу қажет деп санайды.

– Бірінші кезекте сирек кездесетін металдарды өңдейтін мемлекеттік және жекеменшік қондырғылардың барлығын стратегиялық нысан деп танып, оларды шетелдік компанияларға сатуға тыйым салу керек. Жекеменшік кәсіпорындарға шетелдік инвесторлардың қатысуына болады. Бірақ экспортты қатаң бақылау мемлекет құзырында қалуы тиіс. Неге? Өйткені сирек кездесетін металдар мәселесі тек сауда мен пайда табуға қатысты емес. Бұл – геосаяси мәселе, – деп түсіндірді ол.

Келесі қадам ретінде сарапшы сирек кездесетін металдарды өңдейтін мемлекеттік кәсіпорындарды бір холдингке біріктіруді ұсынады.

Оның пікірінше, бұл міндетті «Тау-Кен Самұрық» немесе «Қазатомөнеркәсіп» компанияларына жүктемеген дұрыс. Себебі олардың негізгі жұмыс бағыттары басқа.

Жаңа құрылым ғылыми зерттеулер жүргізіп, технологиялар әзірлеумен және шикізатты өңдеумен айналысуы тиіс. Сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарымен жұмыс істейтін негізгі серіктеске айналуы қажет.

Одилов мұндай холдингті қаржыландыру үшін жер қойнауын ғылыми зерттеуге бөлінетін мемлекеттік қаражаттың бір бөлігін осы бағытқа жұмсауды ұсынады. Бұған қоса, DFC, Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) мен Германияның KfW даму банкі секілді шетелдік қаржы институттарынан қаражат тартуға болады.

Сарапшының айтуынша, шетелдік қаржы тек ақша үшін емес, экологиялық талаптардың сақталуы үшін де қажет.

– Халықаралық қаржы бізге тек қаражат көзі ретінде керек емес. Ол экологиялық талаптардың орындалуына да ықпал етеді. Бұл – өз жеріміз үшін маңызды. Өйткені халықаралық қаржы институттары қоятын экологиялық талаптар болмаса, табиғатымызды өзіміз бүлдіріп алуымыз мүмкін, – деді сарапшы.

Одилов жаңа технологияларды әзірлеп, өндірісті іске қосу ұзақ уақытты қажет ететінін де ескертті.

– Сирек кездесетін металдарды өндірудің жаңа кезеңінде алғашқы нәтижеге қол жеткізу үшін кемінде 15 жыл қажет. Біз үшін ең үлкен қиындық – уақыт пен қолға алынған істің жүйелі жалғаспай қалу қаупі, – деп есептейді ол.

Қазақстанда сирек кездесетін металдар саласында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Еуропалық одақтың ғылыми ұйымдарының қатысуымен сирек кездесетін металдарды зерттейтін өңірлік орталық құру жоспарын жариялаған болатын.

Зертханалық кешеннің құрылысын 2027 жылы бастап, орталықты 2028 жылдың соңына қарай толық іске қосу көзделіп отыр.

Жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге Еуропалық қайта құру және даму банкі қолдау көрсеткен.

Сонымен қатар, Қарағанды облысындағы Құйрықтыкөл учаскесінде зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл аумақта сирек кездесетін элементтердің мол қоры болуы мүмкін екені анықталған.

Алдын ала болжам бойынша, Құйрықтыкөлді қамтитын «Жаңа Қазақстан» аумағында 300 метр тереңдікке дейінгі сирек кездесетін элементтердің болжамды ресурсы 20 миллион тоннадан асады.

Қор көлемін түпкілікті бағалау жұмыстарын 2028 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған.

Айта кетейік, сирек кездесетін металдар электрмобильдер, жел генераторлары, смартфондар және басқа да жоғары технологиялық жабдықтар өндірісінде кеңінен қолданылады.